Гаджетсіз уақыт: «Астана Операдағы» балаларға арналған жаңа абонемент нені қамтиды

«Астана Опера» балаларға арналған жаңа жобаны іске қосты. Енді театрда жас көрермендерге алдағы төрт ай ішінде К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы сегіз концерт пен спектакльге келуге мүмкіндік беретін «Гаджетсіз уақыт» абонементі пайда болды.
– Бұл – «Астана Операның» жаңа XIII театр маусымында жүзеге асыратын тың бастамаларының бірі. Ол оқушылар мен олардың ата-аналары арасында зор қызығушылыққа ие болатынына сенімдіміз. Астанадағы ғана емес, өңірлерде тұратын жастарды да мейлінше көбірек қамтуға тырысамыз, – деді «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.
Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова өз кезегінде бұл жобаның мақсаты – балаларды театр мен музыка әлеміне баулу, өнер арқылы жоғары адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу және көркемдік талғамды сіңіру, сондай-ақ әлбетте заманауи гаджеттер мен смартфондарды шектен тыс пайдаланудан жасөспірімдердің көңілін бөлу екенін атап өтті.
– «Астана Опера» ашылған сәттен бастап балаларға арналған жобаларға айрықша назар аударады, себебі балалар – біздің болашағымыз. Театр жасөспірімдер үшін қойылымдар, білім бағдарламалары мен интерактивтік концерттер жасау арқылы жас буынның бойына классикалық музыкаға, балет пен операға деген махаббатты сіңіруге әрдайым тырысып келеді. Мұндай бастамалар эстетикалық түйсік пен шығармашылық ойды ерте жастан бастап дамытуға көмектеседі. Бұл балалардың гаджеттерге тәуелділігі мәселесі күннен күнге ушығып бара жатқан қазіргі заманда ерекше өзекті. Театрымызда жас аудиторияға арналған спектакльдер мен танымдық концерттер бұрыннан өткізіледі, алайда балаларға арналған шараларға абонементтік жүйе алғаш рет енгізілуде. Абонемент ала отырып, көрермендер топтаманың барлық концертіне, яғни 2025 жылдың соңына дейін бір айда екі реттен өтетін сегіз шараға билеттері бар екеніне сенімді болады, – деп түсіндірді К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі.
«Гаджетсіз уақыт» абонементі аясындағы шаралар сан алуан тақырып пен жанрды қамтитынын атап өтуіміз керек. Сонымен, «Үрлемелі аспаптар патшалығына саяхат» алғашқы концерті 21 қыркүйекте өтеді. Араға бір апта салып, опера дауыстарына арналған «Операның ғажайып әлемі» атты келесі концерт ұсынылады. Қазан айына С.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» танымал симфониялық ертегісі және «Скрипкадан контрабасқа дейін» концерті жоспарланған. Қарашада жас көрермендерді Ш.Перро ертегісінің желісі бойынша Ц.Кюидің «Етік киген мысық» операсы мен «Көне рояль құпиясы» концерті күтеді.
Желтоқсан айының афишасында К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» жауһары ұсынылады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» интерактивтік концертінде балғындарға музыкалық бояулармен қалай түрлі картина салып, көңіл күй мен мінезді жеткізуге болатыны жайлы әңгімеленеді.
Білім беру мекемелері мен ұйымдары абонементті сатып ала отырып, тәрбиеленушілерін күнтізбелік жылдың соңына дейін театрдың балаларға арналған барлық сегіз шарасына әкеле алады. Оларға билеттерді абонемент арқылы алу кезінде белгілі бір жеңілдік қарастырылған. Ал жекелеп сатып алам деушілерге билеттер бұрынғыдай театр кассаларында және Тикетон жүйесінде қолжетімді.


