Ғашықтар күні: «Neke tour» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды
Ерлі-зайыпты он бес жұп «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтар күніне орай Түркістанға романтикалық саяхат жасап, ежелгі дәстүр – Неке қию рәсімін өткізеді.
«Neke tour» республикалық байқауын «Open Turkistan» ақпаратық-туристік орталығы мен Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырды. Байқау 2023 жылдың 3-9 сәуірі аралығында өтті. Шарт бойынша байқауға жасы мен тұрған өңіріне қарамастан енді ғана үй болған жас жұбайлар және бұрын үйленген ерлі-зайыпты жұптар қатыса алды. Байқау «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару» және «Жанұя» номинациялары бойынша бағаланды.
Байқаудың бас жүлдесі – неке қию рәсімін өткізу үшін Қазақстанның рухани астанасы – Түркістанға романтикалық саяхат жасау. Сонымен қатар жеңімпаз он бес жұпқа қаланың көрікті жерлеріне экскурсия, тақырыптық фотосессия, романтикалық кешкі ас және жайлы қонақүйде нөмірде тұру ұйымдастырылады.
Байқау өткізу уақытында neke-turkistan.kz платформасына 345 жас жұбай, сонымен қатар бұрын некесін қимаған ерлі-зайыптылар қатысуға онлайн өтінім берді. Бүгін «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» Ғашықтар күніне орай байқау комиссиясы жеңімпаздарды атады.
Бас жүлде – «Шаңырақ» номинациясында Шыңғыс Нұрғазы мен Асылтас Рахи жеңімпаз атанды.
«Махаббат» номинациясында Тимур Шантиев пен Гүлсара Маженова, Бауыржан мен Айман Утаевтар, Нұрлан Тайғанов пен Жасмин Түменбаева, Алмат және Ақнұр Кәден үздік атанды.
«Ару» номинациясында Бекзат Бейсенбаев пен Аян Ахметова, Дархан Қорғанбек пен Сандуғаш Төлеуова, Нұрперзент Нұрланов пен Жібек Бескепе, Қанат Шәкәрім Мэлсұлы мен Сағымбек Мереке Қуатбекқызы дара шықты.
«Жанұя» номинациясында Елдос Дуйжанов пен Галина Серікбаева, Бакдаулет Шахатай мен Аделия Жолдыбай, Қайсар Түйінбеков пен Саяжан Иман, Жандос Сапарғали мен Акбота Ғазез, Саттар Шаймерден мен Нұргүл Берістенбек топ жарды.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының орынбасары Әділ Қонысбеков жеңімпаздарды құттықтай отырып, байқау кезңінде қатысушылардың қазақ халқының ежелгі салт-дәстүріне деген үлкен құрметін, жақындай түсуге талпынысын атап өтті.
«Берік отбасылық байланыс – қоғамның негізі. Отбасы берекесі мен бағыты жолында жасалған, жақсылыққа жетелейтін дәстүіріміз бен жөн-жоралғымыз шаңырақты биік етіп, қарым-қатынасты нығайта түседі деп сенемін. Әр жұпқа ырыс-ынтымақ, құт-береке тілеймін!» – деді байқауы жеңімпаздарын құттықтау салтанатында Әділ Қонысбеков.
Неке қию – Қазақ халқының мәдениетінде кең таралған, шариғат жолымен орындалатын рәсім. Сан ғасырдан бері бұл дәстүр берік некенің кепілі болып келді. Дәстүр жастардың бір кеседен неке суын ішіп, адал болуға ант беруінен тұрады – осылайша ата-бабаларымыз ізгі ниет және қос жүректің қалауымен екі жастың басын қосқан. «Neke tour» республикалық байқауын өткізу арқылы ұйымдастыруышлар әдемі дәстүрге жаңа леп бергісі келді.