Gen2B қазақстандық компаниясы көрші ел үшін алғашқы тілдік моделін әзірледі

Венчурлық инвестор Бахт Ниязов пен технологиялық кәсіпкер Армен Атаян негізін қалаған қазақстандық технологиялық Gen2B компаниясы шығысармян тіліне арналған алғашқы ірі тілдік модельді (LLM) — HyGPT-ті таныстырды. Бұл модель Арменияның Ұлттық жасанды интеллект және технологиялар орталығымен (NCCAIT) бірлесе әзірленді.

Компанияның негізін қалаушылардың айтуынша, HyGPT Gemma 2 архитектурасы негізінде жасалған және 10 миллиард армян тіліндегі токенде оқытылған. Ол аударма, сұрақтарға жауап беру, математикалық ойлау және нұсқауларды түсіну сияқты тапсырмаларда жоғары дәлдік көрсетеді. Бірқатар армяндық бенчмарк нәтижелерінде HyGPT-10b-it параметрлер саны әлдеқайда көп халықаралық модельдерден озып тұр.

“Қазіргі таңда бізде ірі және орта компанияларға AI-боттарды енгізу арқылы қалай табыс табуға болатыны туралы нақты түсінік бар, әсіресе шағын тілдер бар елдерде. Біз бизнестің сатылымын AI көмегімен арттыруға дайынбыз, бұл қалыптасып жатқан жаңа экономикалық кезеңнің ажырамас бөлігі. Бірақ біздің философиямыз — нарыққа пайда үшін шығудан бұрын, баршаға шын мәнінде пайдалы өнім жасау. Сондықтан, ең алдымен Қазақстанда Irbis атты ірі тілдік модельді жасап шығардық.. Қазір біздің басты назарымыз Арменияға ауып отыр, онда біз тура осындай LLM-ді ұсынып отырмыз. Уақыт өте келе мұндай шешімдер коммерциялық тұрғыда табысты болады, бірақ біз үшін ең бастысы — жергілікті IT-қоғамдастықтардың дамуына нақты үлес қосу. Жақын арада Өзбекстанда да іске қосылмақпыз — бұл жеткілікті ірі нарық, тілдік модель нарыққа үлкен пайда әкеледі”, — дейді Gen2B компаниясының тең қалаушысы Бахт Ниязов.

HyGPT моделі Hugging Face платформасында жүктеу үшін қолжетімді және білім беру жобаларында, цифрлық өнімдерде, қоғамдық қызметтер мен бизнесте қолдануға болады.

Бұл жоба Gen2B компаниясының екінші жергілікті жетістігі. Бұған дейін, 2024 жылдың соңында компания Irbis-GPT моделін шығарған болатын. Бұл — қазақ тіліндегі тілдік модель, оны 8500-ден астам рет жүктеген. Gen2B командасы жұмыс істеуді жоспарлап отырған келесі тіл — өзбек тілі.

Қазақ, армян және басқа да шағын тілдердегі тілдік модельдер мен AI-боттар қазірдің өзінде Gen2B клиенттерінің бизнес-процестерінде — сату, қолдау көрсету және автоматтандыруда қолданылады. Бірақ бұл әлдеқайда ауқымды архитектураның кішкене бөлігі ғана. Gen2B шешімдерінің негізінде дербес талдау жасап, оқып, барлық коммуникация арналарының деректеріне сүйеніп басқарушылық шешімдер ұсынатын жасанды интеллект платформасы жатыр. Компания AI-First компаниялар пайда болатын жаңа типтегі экожүйені қалыптастырып жатыр, онда AI бизнестің толыққанды басқарушы бірлігіне айналады.

Модельдер барлық пайдаланушыларға тегін қолжетімді: жеке де, коммерциялық қолданыс үшін де, қазақ және армян тілдерінде. Ерекшелік — банктер, телекоммуникациялық компаниялар, сақтандыру және қаржы ұйымдары. Оларға модельді пайдалану үшін алдын ала Gen2B компаниясымен келісу қажет.

Telegram-канал: Gen2B қазақстандық компаниясы көрші ел үшін алғашқы тілдік моделін әзірледі