Геологияға жанашыр ұстаз

Абай облысының білім басқармасы «Еңбек адамы» айдарын жалғастырады. Бұл жолғы кейіпкер – Юлия Сабитова, Геологиялық барлау колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.

Білікті педагогтің жалпы еңбек өтілі – 16 жыл, оның 12 жылы Геологиялық барлау колледжінде өтті. Ол «Геологиялық түсіру, пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу және барлау» мамандығы бойынша болашақ геологтарға сапалы білім беріп, олардың кәсіби шыңдалуына ықпал етіп келеді. Теория мен практиканы ұштастыра отырып, тек сабақ берумен шектелмей, оқу бағдарламаларын жаңарту мен әдістемелік құралдар әзірлеуге белсене атсалысады.

Оның бастамасымен «Минералогия және кристаллография» пәні бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне арналған оқу құралы дайындалды. Сонымен қатар «Еңбек қауіпсіздігі», «Структуралық геология және геологиялық картографиялау» пәндері бойынша жаңартылған оқу бағдарламалары әзірленіп, оқу процесіне енгізілді. «Структуралық геология және геокартографиялау» пәнінен курстық жұмыстарды орындауға арналған әдістемелік нұсқаулар дайындап, оларды студенттердің дипломдық жобаларында қолдануға негіз қылды.

Педагогтің жетекшілігімен студенттер «Геология және пайдалы қазбаларды барлау» бағыты бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ Қазақстандағы ең беделді геологиялық жарыстардың бірі – Қазақстандық ашық далалық «Жас геологтар» олимпиадасында қазылар алқасының құрамына шақырылды.

Юлия Сабитова Ұлттық тестілеу орталығының арнайы пәндер бойынша педагогикалық қызметкерлерге арналған ұлттық біліктілік тестілеуінің тест тапсырмалары базасын әзірлеуші ретінде де танылды.

Ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасы өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығының» Құрмет грамотасымен және «Құрметті геолог» төсбелгісімен марапатталды.

Юлия Сабитованың басты ұстанымы – сапалы білім мен тәжірибені ұштастырып, болашақ кәсіби геологтарды даярлау. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, геология саласының дамуына өз үлестерін қосуда.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Telegram-канал: Геологияға жанашыр ұстаз