Халел Арғынбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы ҒЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлескен және «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының қатысуымен қазақтың ірі этнолог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Арғынбаев Халел Арғынбайұлының 100 жылдығына арналған «V Арғынбаев оқулары» Халықаралық мерейтойлық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференция этнограф Халел Арғынбаевтың XX ғасырдың 2-жартысында Қазақстандағы академиялық ғылымның дамуына қосқан ерекше үлесін талқылау, «қазақ этнографиялық мектебінің» негізін қалаған көрнекті ғалымның жетістіктерін көрсету, отандық этнология мен сабақтас пәндердің бүгінгі жағдайы мен болашақтағы дамуын талқылап, әріптестерімен және шәкірттерімен ғалым туралы естеліктерімен алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
Халел Арғынбаев — қазақ этнологтарының көшбасшысы, Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімінің меңгерушісі болған. 1924 жылы 21 қыркүйекте Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1943 — 1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.: «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» естелік медалі және т.б. жауынгерлік наградаларды иеленген. Профессор Халел Арғынбаев ХХ ғасырдың екінші жартысында «қазақ этнографиялық мектебінің» жетістіктерін шыңдап, оны жетілдіре отырып, зерттеу жұмыстарының дәстүрлі және жаңа бағыттарын қалыптастырған. Кәсіби кадрларды дайындауда, этнологтардың заманауи мектебін қалыптастыруда, этносоциологтар мен этноархеологтардың, музейтанушылардың және т.б. қалыптасуына, бірқатар аралас пәндер мен ғылымда үлкен манызға ие қазақ этнографиясының дамуына үлкен үлес қосты.
Шараның ашылуында алдымен ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Харипова Рашида Ерімқызының сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта: «Қазақ этнографиясында өзіндік мектебін қалыптастырып, ұлттық мәдениетімізге қатысты көптеген зерттеулер жүргізіп, шәкірт даярлаған ғалымның өнегелі еңбегі қоғамда өзінің оң бағасын алған. Оның айқын дәлелі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстан Ғылым академиясы Ш.Ш. Уалиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының бірлесе отырып екі жылда бір рет «Арғынбаев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп келеді. Қазақтың тарихи этнографиясының мәселелерімен қатар этносоциология, этномәдениеттану, этнолингвистика, музей ісі саласындағы зерттеулердің диалогтік алаңына айналған бұл конференцияның ғылым мен мәдениеттегі саласындағы маңызы зор. Сіздерге зор алғыс айта отырып, ғылыми ізденістеріңіз бен қызметтеріңізге толайым табыстар мен үлкен жетістіктер тілеймін! Конференция жұмысы жемісті болсын!» делінген.
Шара барасында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы «Көрнекті этнограф Халел Арғынбаевтың өмірі мен ғылыми қызметінің негізгі кезеңдері» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты тың ақпараттармен бөлісті. Мерейтойлық конференцияға отандық және шетелдік мамандар: этнологтар, тарихшылар, антропологтар, мәдениеттанушылар, археологтар, филологтар мен музей қызметкерлері, университеттер мен ғылыми және оқу орындарының жалпы саны жүзден астам өкілдері қатысты. Онлайн режімде шетелдік ғалымдар: Томск мемлекеттік Ұлттық зерттеулер университетінің доценті, т.ғ.к., Абдуманапов Рустам Абдубаитұлы (Ресей, Томск қ.), РҒА Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Шамиль Найлевич Исянгулов (Ресей, Уфа қ.), РҒА СБ Археология және этнография институтының ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ильина Анна Александровна (Омбы қ., Ресей), РFA Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., Ахмадиев Фарит Вафиевич (Ресей, Уфа қ.) қатысты.
Конференция аясында Орталық музей мен «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының ұйымдастарған көрмесі ашылды. Көрмеде ғалымның жеке тұтынған заттары — киімі, домбырасы, жеке құжаттары, марапаттары және т.б. қойылды. Сондай-ақ, ғалымның еңбектері және оның өмірі мен туындыларына арналған қырықтан астам басылымдар көрмеден орын алды.