Халықаралық би күні!

28 сәуір күні 70 жылдық тарихы бар ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің Халықаралық би күніне арналған концерті Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Кештің шымылдығы қазақ биінің алтын мұрасы, халқымыздың дәстүрі мен ою-өрнегін, рухани қазынасын айшықтайтын балетмейстер, ҚазКСР халық артисі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ірге тасын қалаушы Зауірбек Райбаев Молдағалиұлының «Биші қайың» биімен ашылды.
ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне биыл 70 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен, директорымыз Елубай Кенжалиевтің бастамасымен фольклорлық-ансамбль наурыз айында құрылды. Бұл кеште би қойылымдары ансамбльдің түрлі аспапта сүйемелдеуімен көрермен назарына ұсынылды.
Орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік, моңғол би қойылымдары арқылы көрермендер әр елдің, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің мәдениетін тамашалай алды.
Концертте қазақтың әндері мен күйлері де шырқалады. Атақты Есiрдің «Ирең» күйін фольклорлық-ансамбль орындаса, күйші Сұлтан Әлімқұл Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін көкте әуелетті, халықаралық конкурстың лауреаты Гүлнұр Салбанова ән шырқады.
Халықаралық би күнімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы атынан құттықтау адресат табысталды. Киелі сахнада ансамбльді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Хореография факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Габбасова құттықтады.
Кеш соңында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің атынан ықылас гүлі табысталды. Көрермендер тілсіз құдіретті би өнерін тамашалап, ерекше сезімге бөленді.
Салтанатты шара 29 сәуір күні жалғасын тапты. Халықаралық би күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің жоспарына сәйкес Ұлттық кітапханада ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің фотокөрмесінің ашылуы өтті.
Қазақтың қасиетті қазынасын қимыл құдіретімен халық назарына ұсынып жүрген би өнерінің ардагерлері мен майталмандары шақырылған шараға «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 1955 жылдан күні бүгінге дейінгі сахнаны қызылды-жасылды шуаққа шомылдырған 50 ден аса тарихи фото суреттер мен баспа беттерінде жарияланған мақалалар қойылды. Шара Жиенқұлованың өзі билеп, табан ізі қалған өнер ордасының әр кезеңде жеткен жетістіктері мен алған алғыс хаттарымен көркемделген көрмені бекзат өнердің барлық жанашырлары келіп тамашалады. Сыр шерткен суреттер шежіресінің лентасын Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі, би ардагері Әлдибеков Нұрлыбек Әшірбекұлы, Ұлттық кітапхана директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы және «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Кенжалиев Елубай Мұхамбетұлы қиды.
Қоржынында баға жетпес қазына мен халық дәстүрінің игілігі жинақталған ұлттық әрі әлемдік би өнерін үздіксіз өркендетумен келе жатқан «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ардагерлері өз кезегінде жүректеріне жыр, көздеріне жас алып тарих қойнауынан біраз сыр шертті. Болашақ буынға батасын беріп, миллиондаған жүректі рухани рахат пен ізгілікке бөлейтін шыдам мен шығармашылықтың биік үлгісін көрсетуден шаршамаңыздар деп, шабыт тіледі.
Репертуарына 150 ден астам би мен қойылым енгізіп, талай дарынды түлетіп ұшырған ұжым биыл кең көлемде 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алдыңғы буын өкілдері осы шаңырақтың алтын діңгегін тік көтеріп, қанатын кеңге жаюына күш салса, кейінгі толқын жас ұрпақ сол сара жолдан адаспай, бағыты мен бағдарын тауып, жаңа сүрлеу салып отыр.
Бүгінгі көрмеге келген қонақтар мен өнердің шынайы жанашырларына, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының басшылығына БАҚ өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Бізді қолдаған баршаңызға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз. Ұлттың ұлылығын танытатын төл өнеріміз жасай берсін!