ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «БІЛІМ КҮНІ» АТАП ӨТІЛДІ
Бүгін сағат 10:00-де Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Білім күні» салтанатты түрде атап өтіліп, 2024-2025 жаңа оқу жылы бастау алды. Биыл METU қатарына 1500-ға жуық 1-курс студенттері, оның ішінде 400-ге жуық мемлекеттік грант иегерлері қабылданды.
Салтанатты шараны өзінің құттықтау сөзімен Халықаралық инженерлік-технологиялық университет ректоры, Қазақстан Республикасының ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі — Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы ашты.
Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы өз сөзін: «Адамға ең бірінші тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген халық данасы, атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөзімен бастап, жастарға, келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – қоғамның және елдің тірегін қалыптастыру болып табылатындығын айтып, оқу орнының профессор-оқытушылары мен студентерін, магистранттарын және докторанттарын Халықаралық білім күнімен құттықтады.
Іс-шарада Халықаралық білім күніне орай мемлекеттік грант иегерлеріне Университет атынан ноутбуктар табыс етілді. Ноутбуктарды ректор, кафедра меңгерушілері студенттерге табыстады. Іс-шараға 1-курс студенттері, университеттің профессор-оқытушылар қауымы, университет басшылығы және студенттердің ата-аналары қатысты.