Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ меморандум қабылдады

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады.

2025 жылдың 23 мамырында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы және «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай аталмыш құжатқа қол қойып, бірлескен іс-шаралар жоспарын  бекітті.

Тіл үйретудегі әдістемелік жұмыстардың бірыңғай жүйесін жасау, тіл үйретуге арналған платформаларды дамыту, әдістемелік оқу құралдарының жаппай сатылымға шығуын ұйымдастыру, әлемдік және отандық көркем әдебиетті тіл үйрену деңгейлеріне сәйкес бейімдеу бойынша жобаларды бірлесіп атқару келісілді. Оған қоса жалпыұлттық Диктант жобасын бірлесе өткізу мақсаты қойылды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту және ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында жұмыс істейтін беделді қоғамдық ұйым. Тарихы 1989 жылдан басталатын Қоғам республика және одан тыс жерлердегі тіл жанашырларын біріктіріп, түрлі ауқымды жобалардың бастамашысы және ұйымдастырушысы болып келеді.

«Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы — ғылыми зерттеулер жүргізу, қазақ тілін үйретудің ғылыми-әдістемелік негіздерін жүйелеу,  қазақ тілін ғылым тілі ретінде жетілдіру, терминологияны біріздендіру, балалар мен ересектерге арналған  контентті жетілдіру, қазақ тілін цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы қызметтерді жүзеге асыратын орталық. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2018 жылы қайта құрылған.

Telegram-канал: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады