Honda 2024 жылы жаңа сутегі көлігін шығарады

Ондаған ірі авто-өндірушілер электромобильдерді қолжетімді ету және олардың ауқымын кеңейту үшін көп жұмыс жасауда. Бірақ бұдан басқа да автомобиль технологиялары бар, ондай технологиялардың бірі – көліктерді қуаттандыру үшін сутегі отын элементтерін пайдалану. Сутегімен жұмыс істейтін көліктер туралы SlashGear материалына сілтеме жасап Aikyn.kz баяндайды. 
Honda АҚШ-тың EV (электр көліктері) нарығында байқалмағанымен ұзақ уақыт бойы сутегі отын элементтерін қолданудың жақтаушысы болды. Бұл технология бұрын шектеулі мөлшерде болса да, 2021 жылғы Honda Clarity моделінің қозғалтқышында қолданылған.
Honda таратқан мәліметке сәйкес, компания шығындарды қысқарту және сутегі технологиясын жетілдіру мақсатында General Motors-пен бірігіп жұмыс істеуге кіріскен.
Honda 2024 жылға қарай жаңа сутегі көлігін шығармақ. Honda Clarity-де қолданылған сутегі элементтерімен салыстырғанда жаңа отын элементтерінің құны 30% арзандайды және қызмет ету мерзімі 2 есеге дейін өседі.
2030 жылға қарай Honda жаңа сутегі қозғалтқыштарының құнын тағы 2 есеге азайту жоспарланған. Жолаушылар көліктерінен басқа, Honda бұл технологияны ауыр жүк көліктерінен бастап ғарыш аппараттарына дейін жеткізгісі келеді.
Бір-екі жылдан кейін компания жылына 2000 бірлік сутегі отын элементтерін сатқысы келеді. 2035-2040 жылдарға дейін жылына «бірнеше жүз мың» бірлікті сатуды жоспарлап отыр. Мұның барлығы компанияның 2050 жылға қарай толық көміртекті бейтарап болу жоспарының бір бөлігі.
2022 жылдың қарашасында Honda өзінің 2024 жылғы алғашқы сутегі көлігі CR-V негізінде шығарылатынын хабарлады.
Сутегі қозғалтқыштары бар автомобильдерді электромобильдердің негізгі бәсекелестері деп атайды. Бірақ бұл технологияның әлі де көптеген кемшіліктері бар. Tesla-ның негізін қалаушы Илон Маск сутегі қозғалтқыштарын «таңғажайып ақымақ технология» деп атады.
Оның сөзі қаншалықты шындыққа жақын? Сутегімен жұмыс істейтін алғашқы қозғалтқышты 1806 жылы француз өнертапқышы Франсуа Исаак де Риваз ойлап тапты. Ол сутекті суды электролиздеу арқылы алды. Шын мәнінде, сутегі технологиясы электромобильдерге ұқсайды. Сутегі батареясының сыйымдылығы литий-иондық аккумулятордан он есе көп. 5 кг сутегі бар цилиндр шамамен 3 минутта толтырылады, ол 500 км-ге дейін жетеді.
Ал, сутегін алудың ең зиянсыз әдісі – электролиз, яғни электр тогы арқылы судан сутегін алу. Әзірге ол өте қымбат, сондықтан тиімсіз.
Бірақ мамандар мәселені шешуге болатынын айтады. Ол үшін технологиялық тізбекті тұйықтап, жаңа сутегі өндіру үшін сутегі отын элементтерінде өндірілетін электр қуатын қайта пайдалану керек.