Хромтау оқушылары экологиялық шараға қатысты

Хромтаудағы №2 мектеп-гимназиясының аумағына оқушылар қайың, үйеңкі, шаған көшеттерін екті. Экологиялық шараны Оңғар ауданының білім алушылар да қолдады. Мектеп оқушылары аллеяны өздері күтіп-баптап, көшет егуді көктем мезгілінде жалғастырып, ағаштың басқа түрлерін де жайқалтуды жоспарлап отыр. Бүлдіршіндерге көшеттерді Дөң тау-кен байыту комбинатының кеншілері сыйға тартқан.

Акцияға кәсіпорын экологтары бастамашы болды. Жоғары сынып оқушылары шұңқырларды дайындауға атсалысса, бастауыш сынып оқушылары жас өскіндер – шаған, үйеңкі және қайың ағаштарын егуге қызыға, құлшына кірісті. Дәл осындай аллея Оңғар ауылында да пайда болды. Белсенділер көшеттердің тамыр жаятынына сенімді.  Әсіресе осы маусымда егуді қажет ететін түрлері іріктелген. Аллеяны көгалдандыруға бірінші сынып оқушылары бекер таңдалмады. Себебі бұл оқу орнында биыл «Жасыл мектеп» шарасы басталған болатын. Оның мәні – балаларды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, олардың ең өзекті экологиялық мәселелерге көзқарастарын біліп, соларды шешудегі өз идеяларын ұсынуға мүмкіндіктер беру.

– Акция керемет, — деді №2 мектеп-гимназиясының директоры Елена Юшкевич. – Аллеямызға жасыл желек жетпей тұр еді. Мектеп айналасында жасыл алаңның болатыны жақсы. Оның үстіне бұл – ұзақ жылдарға естелік. Біз Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерімен бірлесе, алдағы көктемде көгалдандыру жұмыстарын қайта жалғастырмақпыз.

Дәстүр бойынша цех қызметкерлері жыл сайын санитарлық-қорғау аймақтарына, қала саябақтарына, ал биылдан бастап мектеп алаңдарына көшет егу арқылы «Жасыл Қазхром» акциясын белсене қолдайды. Биыл сауықтыру кешені мен стадион аумағында мамыргүл ағаштары көбейе түсті.

– Біз бастаманы одан әрі жалғастырғымыз келеді, — дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының бас экологы Ирина Морозова. – Келесі жылы қаладағы басқа мектептердің аллеяларына ағаш егуді қолға алуды ұйғардық. Компанияның тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған үйде биыл күзде ағаштар тамыр жайып, тұрғындарға қуаныш сыйладық.

 Жасыл аумақтарды мезгіл сайын жаңартып отыру қажет. Өйткені аяз бен цех учаскелерінің ашық алаңдарына мал жайылымының түсуі олардың өмір сүру деңгейін төмендетеді. Біз мұндай тексерулерді тоқсан сайын жүргіземіз.

Жалпы, ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында биыл Дөң тау-кен байыту комбинатының өзінде жеті мың көшет отырғызылды.