Хромтауда ERG Run Fest марафоны өтті
Бес жыл бұрын Еуразиялық Топ қалалары саналатын Рудный, Хромтау мен Ақсуда алғашқы рет «ERG Run Fest» жүгіру фестивалін өткізген болатын. Пандемия кезінде бір жыл үзіліс болып, биыл қайта жалғасқан жүгіру марафоны өткен сенбіде Хромтауда аяқталды. Қазақстанның 5 қаласы мен елді мекендерінен жиналған 1000-нан аса қатысушы моноқаланың орталық көшелерін қиып өтті.
Оның ішінде Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Ембі, Қарғалы, Қандығаш өңірлерінен келген қала қонақтары да болды. Сондай-ақ қатысушылар арасында Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Қазхромның басқару аппараты мен өзге де басқармаларынан спорт саласының мамандары мен жастары, аға буын мен кішкентай балалар да бар. Ал ақтық марафонның құрметті қонағы – жақында ғана Францияның Ницца қаласынан оралған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы, желаяқ Қанат Құсайынов.
Шараны балалар бастап, әрі қарай ересектер 3,5,10,21 шақырым қашықтықтарды бағындырды. Осымен төртінші жыл ұйымдастырылған марафонды ауданы әкімі Нұрхан Тілеумұратов қолдап, өзі де 3 шақырым қашықтыққа жүгірді.
«Құрметті Хромтау қаласының тұрғындары және қала қонақтары! Марафонға қатысушылар! Қазақстанның бірнеше қаласында өткен ERG Run Fest жүгіру фестивалі мінекей біздің сүйікті қаламызда жалғасын тауып жатыр. Бұл фестивальдің негізгі мақсаты – жаппай жүгіру арқылы жергілікті тұрғындар арасында белсенді өмір салтын насихаттау. Спорттық шараның біздің қаламызда өтуіне себепкер болған ұйымдастырушы ERG компаниясына ризашылығымызды білдіремін», — деді аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов.
Күзгі марафонды қариялар да қолдап, кейінгі ұрпаққа үлгі болар іс көрсетті.
«Спорт – адамның жан серігі. Қартайсақ та, қатардан қалмай, үнемі саламатты өмір салтын ұстанамын. Байқасам, бүгінгі шарада отбасыларымен келіп жатқандар бар, жастар қауымын көбірек байқадым. Қуанып тұрмын. Жарайсыздар! Аз ұйықтап, көп еңбектеніңіздер», — деді үш шақырымды кесіп өткен Владимир Ананко.
Жүгіріс жолында қатысушыларға қолдау көрсеткендер көп болды.
«Мен қала мектептерінің бірінде жұмыс істеймін. Спорттың бұл түрімен айналысып келе жатқаныма бес жыл болды. Биыл осы шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Маған өте қатты ұнады. Сайттан көріп, бес шақырымға жазылған едім. Бірінші ретке болады екен. Енді келесі жылы өтсе, 10 шақырымға жүгіремін. Алдыма осындай мақсат қойып үлгердім. Бұрын-соңды қатыспағаныма сәл өкініп қалдым. Өзіміздің қаламызда мұндай шаралардың өтіп жатқанына қуанамын», — деп әсерімен бөлісті қатысушы Гүлшат Тілеубаева.
Бұл спорттық іс-шараның ерекшелігі – биыл ERG RUN FEST ақылы. Шарадан түскен қаражатқа Хромтау колледжінің студенттеріне арналған жүрек соғысын өлшейтін 20 аппарат пен планшет сыйға тартылды. Бұл жабдықтар дене шынықтыру кезінде жастардың қауіпсіз әрі тиімді жаттығуларына септеседі.
– Достар, сахнада тұрып, сіздердің спортқа деген құлшыныс, ықылас-ынталарыңызды көріп тұрмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, — деді «Қазхром» компаниясының атынан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков. – Еуразиялық Топ әрқашан саламатты өмір салтын қолдайтынын бәріңіз жақсы білесіздер. Кәсіпорын спортты дамытуға қомақты қаражаттар бөледі. Спорттық іс-шараларға бастамашылық танытып, әркез қолдау көрсетеді. Жылда аулаларда спорт нысандары мен ойын алаңдарын салуды қаржыландырады. Біз спорт саласын компаниямыздың әрбір қызметкері, әрбір өңір тұрғыны үшін қолжетімді еткіміз келеді. ERG RUN FEST – осынау игілікті істің жалғасы. Бұл – нағыз спорт мерекесі, даму мен күш-қуат мерекесі. Құрметті еуразиялықтар! Хромтау және Ақтөбе қаласының тұрғындары! Саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған бүкіләлемдік трендті белсенді түрде қолдағандарыңызға өте қуаныштымын! Баршаңызға сәттілік!
Мәре сызығын бірінші болып кескендер марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ барлық қатысушылар медальдар мен футболкаларға ие болды.
Ақтөбелік «Party hard» музыкалық тобы және балаларға арналған ойын бағдарламалары марафон алаңын одан әрі жандандыра түсті.
Арайлым Ғани
Ұлан Сыдықовтың фотосуреттері