Хромтауда веложарыс өтті
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының 85 жылдық мерейтойына орай Хромтауда веложарыс өтті. Спортшылар комбинаттың ұйымдастыруымен кәсіби мерекеде қала ішінде 85 саны формасындағы бағыт бойынша қозғалды.
Комбинат қызметкерлеріне арналған веложарыс әртүрлі жастағы қатысушыларды қамтыды. Қызметкерлер қаланың «Горняк» стадионынан бастап 22-ші кварталға дейінгі аралықты жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жетуді көздеді. Қатысушыларды жол патрульдік полициясы, төтенше мен жедел жәрдем қызметі бақылауда ұстады.
Велошабандоздардың жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендерін көрдік. Комбинаттың бас геологы Роллан Тілемісовтің арнайы шлемнің орнына өндіріс каскасын киіп келгені шараның көркін келтіріп, ортаны көңілді етіп жібермесі бар ма!
Ал веложарыстың ең кішкентай қатысушы – Максим есімді бала. Оның жасы небәрі бір жарым жастан асқан. Анасы Анжелика Савенко – қоршаған ортаны қорғау зертханасының қызметкері. Кішкенткай Максим барлығын таң қалдырды. Ол анасымен бірге барлық жолды соңына дейін табандылықпен жүріп өтіп, өзге қатысушылармен фотоға да түсіп үлгерді. Балақай алғашқы медалін Дөң тау-кен байыту комбинатынан тақты. Жақсылыққа ұласып, болашақта жеңіс тұғырынан түспейтін спортшы болсын деген тілектеміз.
Сонымен жарыс қорытындысы бойынша ер адамдар арасынан бірінші орынды «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтасы екінші кезегінің бас механигі Асхат Олжабаев иеленді. Екінші орын комбинаттың техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағытындағы қызметкері Бағдат Аймурзаевқа бұйырса, жүлделі үшінші орынды автокөлік және механика цехының көлік жүргізушісі Дархан Усмаханов қанжығалады.
– Биыл қара шаңырағымызға айналған Дөң тау-кен байыту комбинатына 85 жыл. Бұл – бәріміз үшін ортақ мереке. Баршаңызды құттықтай отырып, амандықта еңбек етейік дегім келеді. Ал бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті, — деді бірінші орын иегері Асхат Олжабаев. – Веложарысқа ұлым Әлиді де ертіп әкелдім. Өзім жүрген жолмен ол да жүріп өтті. Болашақта менің жеткен жетістіктерімді толықтырып, мен бағындырмаған шыңдарды ұлым бағындырса деген әкелік тілегім бар. Ал бірінші орыннан көріну қашан да мақсаттарымның бірі болып келеді. Бұл жолы да көздеген мақсатым орындалып, қоржынымды тағы бір жеңіспен толтырдым. Веложарыс – сүйікті спорт түрім. Мұндай шаралардан қалмауға тырысамын. Жарыс қызықты, әрі тартысты өтті. Салауатты өмір салтын қолдайық, әріптестер!
Әйелдер арасынан кендерді байыту және кесектеу фабрикасының концентрат маманы Райгүл Сағадатова бірінші болып мәреге жетсе, өндірісті автоматтандыру және бапйланыс цехының қызметкері Карина Калинчева екінші орынға тұрақтады. Ал Максим мен анасы Анжелика Савенко үшінші болып мәре сызығын кесіп өтті.
Арайлым Ғани
Алексей Пименовтың фотосуреттері