Хромтаулықтар Дөң тау-кен байыту комбинатының 85 жылдығын атап өтті
ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының мерейтойымен тұспа-тұс келген Шахтерлер күнін мың шақты хромтаулық айрықша атап өтті. Айтулы мереке орталық стадиондағы қойылым, қызметкерлерді марапаттау және танымал қазақстандық жұлдыздар өнер көрсеткен, естен кетпес ерекше шоуға ұласты.
Кәсіби мереке қарсаңында Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері рекордтық мерзімде «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтасына жеткізілген жаңадан көтеру машинасын іске қосты. Пайдалы қазба – кеннің жер бетіне шығуы осы жабдықтың жұмысына байланысты. Қазір қондырғы толығымен жетілдірілді. Енді ол жылдам әрі тиімді жұмыс істеп тұр. Бұл ауқымды шараға атсалысқан барлық қызметкерлер басты мереке өткен «Горняк» стадионында марапатталды.
Шоу шахтерлер еңбегін паш еткен тарихи прологпен басталды. Маңызды күнге орай батыр туралы аңыздан бастап, кәсіпорынның тарихы мен жетістіктерін баяндайтын фильм түсірілген. Сахна төріне үздік жұмысшылар шақырылып, оларға облыс әкімінің алғыс хаттары, корпоративтік және ведомствалық төсбелгілер табысталды.
– Бұл күн – ерік-жігері мықты, қайсар да қайратты жандардың мерекесі саналады. Бұл біздің кеншілерге, өзге де өндірістік мамандық иелеріне тән қасиеттер, — деді ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов. – Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Топтың екі ферроқорытпа зауытының жағдайы жасалып жатыр. Яғни мыңдаған қызметкер мен олардың отбасылары, «туған қалаларымыздың» тұрғындарының әл-ауқаты қамтамасыз етіліп жатыр деген сөз. Істеріңізге адалдық танытып, кәсіби міндеттерді шын ниетпен орындағандарыңыз үшін және қайсарлықтарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын.
– Шахтада жұмыс істеп келе жатқаныма 26 жыл, — дейді «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның ұңғылаушысы Мұрат Исмағұлов. – Шахтаны өмірімнің біл бөлшегі деп білемін және өз ісімді шын сүйемін. Біз секілді жұмсышылардың еңбегі бағаланып жатқанына қуаныштымын. Бұл – менің еңбек жолымдағы үшінші марапат. Расымен де бізде бір тарих, бір жол, мақсат ортақ. Түнгі ауысымға тамаша көңіл күйде барғалы тұрмын. Барша әріптестермізді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын!
Салтанатты құттықтау Қазақстан жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты. Кештің хедлайнерлері – аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» мен танымал әнші RaiM. Комбинаттың жас қызметкерлері эстрада жұлдыздарымен бір саханада өнер көрсетіп, жиналған жұртты таңқалдырды. Оған қоса шахтерлердің балалары әкелеріне арнап әсерлі өлең шумақтарын оқып, олар да әсем әндерін шырқады.
Ал демалыс күндері Хромтауда кәсіпорынның мерейтойына орайластырылған веложарыс өтті. Қатысушылар қала көшелерін 85 саны формасында жүріп өтті. Сондай-ақ цехтарда жұмысшылар марапатталып, кәсіпорын директоры Азамат Бектібаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтей Өтеғұлов өндіріс ардагерлеріне гүл шоқтары мен сыйлықтар табыстап келді.
Кәсіпорын үшін мерейлы жыл айтулы оқиғаларға толы. Мереке қарсаңында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Хромтауға іс-сапармен келіп, жаңа фабрикамен танысқан болатын. ERG Green – ERG-дің «Жасыл металлургия» экологиялық стратегиясы аясында әзірленген ауқымды жоба. Фабрикада бұрыннан қордаланып қалған және жұмыс істеп тұрған өндіріс қалдықтары өңделетін болады. Оған қоса «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның екінші кезегінің құрылысы жалғасуда. Биыл мұнда ілеспе кен «жіберілді».
Сондай-ақ, биылдан бастап моноқалада жаңа әлеуметтік жоба жұмыс қолға алынды. Компанияның қаржылық қолдауымен ҮЕҰ Хромтауда қызметкерлердің жұмыс істемейтін әйелдері мен жастарға арналған бірнеше бағыттағы тегін курстар ашты. Бұл олардың өз кәсіптерін бастап кетуіне сеп. ERG бастамасымен қолға алынған «Tugan Qala» жобасының жаңа маусымы да басталды. Жоба арқылы шахтерлер қалашығының әрбір тұрғыны инфрақұрылымды жақсартуға қатысты өз идеясын ұсына алады. Осындай ұсыныстардың арқасында қазірдің өзінде 29 нысан бой көтерген.
Жалпы, кәсіпорын жұмысын бастағалы бергі 85 жыл ішінде кеншілер 238,2 миллион тоннадан астам кен өндірді. Дөң тау-кен байыту кеншілері пайдалы қазбаның алғашқы миллион тоннасын 1959 жылы өндірген болатын. Содан бері көрсеткіштер тек өсіп келеді. Биыл 5 миллион тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде.
Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан астам жұмыс істейді. Қызметкерлерге сапалы арнайы киімдер беріледі. Медициналық сақтандыру, компания есебінен жоғарғы оқу орындарында білім алу, спорттық секцияларға тегін қатысу, зейнеткерлерге көмек, балалар жазғы демалысы сынды әлеуметтік жағдайлар жасалған.