Инфрақұрылым жақсарып, туризм дамып келеді

Screenshot
Жетісу облысы құрылғаннан бері Алакөл ауданы бойынша туризм саласын дамытуға 12,3 млрд. теңге бөлінген. Бұл өз кезегінде көл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуға елеулі ықпал етті. Жиырма бес жылдан бері түйткілді болып келген электр жарығы мәселесі шешімін тапты. Кәріз жүйесі салына бастады. Бұл туралы Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жағалаудағы электр қуаты жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты. Атап айтқанда, Ақши және Бескөл ауылдарының арасында жоғары кернеулі 56,8 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы станцияның негізгі құрылысы салынды, қазір абаттандыру жүргізілуде, дайындық деңгейі 95 %. Өткен жылдары Ақши ауылында ұзындығы 69,7 шақырымды құрайтын магистралды кәріз желісі салынды. Биыл Үкімет резервінен бөлінген қаржыға Ақшиде кәріз тазарту құрылғысын салу жұмыстары басталды, келесі жылы аяқталады. Көктұма ауылында кәріз жүйесінің жобасы әзірленіп, қаржыландыруға өтінім берілді.
– Тағы бір күрделі мәселе жағаның шайылуы, оны шешуге бағытталған жоба әзір. Биыл республикалық бюджеттен бастапқы қаржысы бөлініп, көлдің қоршау бөгетін салудың бірінші кезеңі басталды. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірдегі туризмнің тұрақты дамуына және жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Алайда Алакөл аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалармен шектелмей, қызмет көрсету сапасы мен тазалық деңгейін одан әрі жетілдіру қажет, – деген Б. Исабаев көл жағалауы тазалығын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Осы орайда айта кетсек, биыл көл жағалауын күтіп-ұстауға 7 арнайы техника, 19 модульдік санитарлық-гигиеналық торап, 140 қоқыс жәшігі сатып алынып, орнатылған. Сөйтіп, жағалаудағы тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер саны 220-ға, санитарлық-гигиеналық торап саны 22-ге жетті.
Облыс басшысы сондай-ақ су айдынында бақылаусыз су көліктерінің жүруін шектеу және тыйым салынған аумақтардағы қозғалысты реттеу мәселесіне де тоқталды. Оны реттеу үшін облыстың Ортақ су пайдалану ережесі қабылданған. Ережеге сәйкес жағалауда шомылатын орындар мен шағын кемелердің шығу дәліздері буйлар арқылы белгіленді. Сондай-ақ су көлігіне арналған тоқтау және тұрақ белгілері орнатылған. Бүгінгі күні жағалауда көліктік бақылау бойынша 4 инспектор, төтенше жағдайлар департаментінің 12 құтқарушысы және 46 полиция қызметкері жұмыс атқарады.
Былтыр көл жағасында демалушылар саны 1,7 млн. адамға жетті, алдыңғы жылғы көрсеткішке қарағанда демалушылар қатары 6,2%-ға, қызмет көрсету көлемі 1,8 есе өскен.
– Ақши ауылындағы жағалауға демалуға отбасымызбен келдік. Мұнда жыл сайын келу дәстүрге айналған. Жағаның санитарлық тазалығы да, қызмет көрсету сапасы да жылдан жылға жақсарып келеді. Алакөлдің суы жақсы, шипалы. Өз еліміздегі осындай табиғаттың тамаша мүмкіндіктерін пайдалануға тиімді жағдай жасалғаны біз үшін, әрине, қолайлы, – дейді көлде демалушылардың бірі Әлия Ғабидоллақызы.
Еске салсақ, Алакөл жағалауындағы туристік нысандардың саны 2023 жылға қарағанда 35,6%-ға артып, бүгінгі таңда олардың саны 270-ке жетті.