Инклюзивті қоғам құру жолында
Елордада боччадан Қазақстан чемпионаты мен «CHILDREN PARALYMPIC GAMES» спорт фестивалі бастау алды.
Ашылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Назира Нұрбаева қатысты. Ол дамыған елдерде инклюзия қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылатынын, Қазақстан да осыған ұмтылуда екенін атап өтті.
«Инклюзивті спорттың жарқын мысалы — ерекше балалар мен жастар арасындағы бочча ойыны болып отыр. Аталған паралимпиадалық танымал спорт түріне «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржылық қолдау көрсетіліп келеді», — деді Назира Нұртілеуқызы.
Басқарушы директор өз сөзінде Қор жас ұрпақты қолдау мәселесіне айрықша көңіл бөле беретінін жеткізді.
Қордың қолдауымен «Саламатты болашақ» жобасы аясында еліміздің 21 қаласы мен елдімекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылып, 1 100 ерекшелігі бар бала спорттың 11 түрі бойынша жаттығу шараларына қатысуда.