Интернет-алаяқтық жағдайлары да көбейіп келеді
Қазіргі таңда цифрландыру қоғам өмірінде айтарлықтай орын алады, алайда оның таралуымен қатар интернет-алаяқтық жағдайлары да көбейіп келеді. Биылғы жылдың 10 айында елорда аумағында 4 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Интернет-алаяқтықпен күресу үшін полиция қызметкерлері осындай қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ескерту бойынша тұрақты іс-шаралар өткізіп отырады.
Астана қаласында халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша дәрістер белсенді түрде өткізіледі. Бұл іс-шараларда алаяқтар қолданатын әдіс-тәсілдер мен негізгі сақтық шаралары жан-жақты түсіндіріледі. Қосымша насихаттау және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халық көп шоғырланған жерлерде жадынамалар мен брошюралар таратылады.
Интернет-алаяқтықтың алдын алуда блогерлер, актерлер, медиа тұлғалар, кәсіпкерлер және еріктілердің іс-әрекеттері маңызды рөл атқарады. Олар пайдалы ақпаратты белсенді таратып, ескерту материалдарын көпшілікке жеткізуде үлес қосуда. Қаладағы әлеуметтік маңызы бар орындардың барлығында дерлік профилактикалық аудио-бейне материалдар көрсетілуде.
Тұрғындарды кеңірек қамту мақсатында ескерту ақпараттары теле-радио арналарда, жаңалық порталдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланады. Бұған қоса, интернет желісінде заңсыз контентті анықтап, заңға қайшы келетін сайттарды бұғаттау үшін мониторинг жүргізіледі.
Бұл шаралар азаматтарды желідегі алаяқтықтан қорғауға және оларды онлайн кеңістіктегі қауіп-қатерлер туралы хабардар етуге бағытталған. Интернет-алаяқтықтың алдын алу және онымен күресу жұмыстары азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Киберқауіпсіздік қазіргі цифрлық әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Астана қаласы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиевтің айтуынша, алаяқтардың негізгі әдістеріне ерекше назар аудару қажет және қазіргі таңда алаяқтықтың ең танымал түрі онлайн-сауда парақшалары мен әлеуметтік желілерде іс-жүзінде жоқ тауарлар мен қызметтерді сату тәсілі болып отыр.
Алаяқтықтың банктер немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері атынан қоңырау шалу тәсілі азаматтарды сендіріп, күмәнді банктік операцияларды жүргізу үшін жиі қолданылады. Фишингтік сайттар шынайы сайттар секілді көрініп, жеке мәліметтер мен банк деректерін жинау арқылы қауіп төндіреді. Бағалы қағаздар мен криптовалюта бойынша тез табыс табуды уәде ететін инвестициялық алаяқтықтар жәбірленушілерді жалған сауда алаңдарына тартады. Ал “WhatsApp” мессенджеріндегі аккаунттарға заңсыз қол жеткізу арқылы зиянды сілтемелердің көмегімен алаяқтар байланыс тізіміндегі адамдардан ақша сұрап, жалған шоттарға аудартады.
Кибергигиенаны сақтау – интернет-алаяқтықтың алдын алудағы маңызды қадам. Күмәнді сілтемелерден аулақ болу, жеке деректер мен кодтарды жарияламау, деректердің түпнұсқалығын тексермей алдын ала төлем жасамау және екі факторлы аутентификациямен сенімді құпия сөздерді пайдалану қажет.
Қажетті және пайдалы ақпаратты бөлісу сіздің отбасыңыздың, достарыңыздың және жақындарыңыздың қаржылық қауіпсіздігін сақтап, қылмыстық әрекеттерден қорғайды. Қаржылық сауаттылықты арттырып, қауіпсіз цифрлық ортаны қолдаңыз.