Италия қазақстандық скрипкашыға қошемет көрсетті

Италияның Лигурия жағалауының ең романтикалық аймақтарының бірі – көрікті Камольи қаласында көрермендер «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановқа тік тұрып қошемет көрсетті. Танымал скрипкашының гастрольдік өнер көрсетуі 6 қарашада Камольидің Қоғамдық театры сахнасында жетістікпен өтті.

Дирижер Джузеппе Акуавиваның басқаруындағы Генуядағы Карло Феличе театры оркестрінің сүйемелдеуімен Бағдат Әбілханов неміс романтизмі скрипка музыкасының жауһары – Макс Брухтың Оркестр мен скрипкаға арналған №1 концертті, соль минор, op. 26 орындады.

– Әуеннің әсемдігі, эмоциялық айқындылық пен музыкалық орындаушылықтағы мәнерлілік қатты бағаланатын Италия жерінде осынау керемет туындымен өнер көрсету мен үшін зор мәртебе. Брухтың туындысы романтика рухына толы, ол барлық қатысушының – әртістердің де, тыңдармандардың да жүрегінен орын алды. Осы сәтті пайдалана отырып, мені шақырғандары үшін және нәтижелі әріптестік үшін маэстро Акуавива мен Камольи театрына шынайы алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Бағдат Әбілханов.

Әлемдегі ең танымал әрі сүйікті скрипкалық концерттердің бірі талғампаз италиялық көрермендерді таңғалдырды. Көпшілік қазақстандық әртіске толассыз қошеметін жаудырды. Кеш аяқталғаннан кейін классиканы бағалайтын жандар әлеуметтік желілердегі парақшаларда оң пікірлер қалдырып, орындаушының шеберлігіне және қазақстандық скрипка мектебінің жоғары деңгейіне деген өз таңданыстарын жеткізді.

– Макс Брухтың концерті солиске өз дарынының барлық қырын толық ашуға және техникалық қуат пен эмоциялық өткірліктің ерекше үйлесімін паш етуге мүмкіндік берді. Танымал адажио баурап алды, ал финалдың драмалық қуаты нағыз таңданысты туғызды. Бұл біздің теңіз жағасындағы қаламыздың романтикалық атмосферасы мен скрипка үні арасындағы тамаша музыкалық диалог болды, – деп пікірімен бөлісті көрермен Микеле Бруццоне.

Тыңдарман Луиза Галло да өз әсерімен бөлісті: – Бағдат Әбілхановтың орындауы техникалық жағынан мінсіз болып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол жігерлі естілді. Пайымдау шынайылық пен таңғаларлық жылулыққа толы болды, сондықтан біз осынау шүбәсіз жетістіктің куәсі болғанымызға шын жүректен қуаныштымыз.