Канвон Олимпиадасы: үшінші күннің шолуы
Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының 3-жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін алғаш болып тау шаңғысынан кезекті жүлде жиынтығының иегерлері анықталды. Аралас (комбинациялы) слалом түрінде Александра Скороходова 10-орыннан көрінді. Ол жарыс жолын 1:50.48 секундта басып өтті. Алтын Майя Варошиц (Аустрия) күміс, Джорджия Колломб (Италия) қола Роми Эртл (Германия) еншісінде.
Ал ұлдар арасында Ростислав Хохлов мәреге жете алмады. Мұнда Ұлыбритания өкілі чемпион атанса, күміс пен қола Швеция атлеттеріне бұйырды. Айта кетейік, кеше Super G санатында Александра 18-ші, ал Ростислав 45-сатыдан көрінген. Ертең спортшылар алып слалом бағдарламасында сынға түседі.
Осыдан кейін 500 метрге конькимен жүгірушілер бәсекесі өтті. Назарыңызға Ұлттық құрама спортшыларының нәтижесін ұсынамыз:
Руслан Жанәділов 14-ші (38.26 секунд), Михаил Матрюхин 18-сатыдан көрінді (39.56 секунд).
Мұнда Дания спортшысы Финн Соннекалб (36.61 секунд) топ жарды. Күміс Мика Клевстуен (Норвегия, 36.79 секунд), қола Оңтүстік Корея өкілі Сеонанг Шиннің (37.13 секунд).
Қыздар арасында Кристина Шумекова 7-ші болса (40.89 секунд), Алина Шумекова мәреге 41.193 секундта келіп, 10-орынға табан тіреді. Бас жүлде Нидерланд атлеті Ангел Далеманда. Кезекті жүлде жиынтығы ертең 1 500 метрге жарыста сарапқа салынады.
Ойындардың 5-турында 3×3 хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Тайпейімен кездесіп, ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп: 14-2.
Енді ертең топтық кезеңнің шешуші турларында қазақ атлеттері Испания және Ұлыбританиямен ойнайды.
Бүгін шорт-трекшілеріміздің үздік нәтижесі ширек финал болды. 500 метрге жарыстың іріктеуінен Полина Омельчук, Анастасия Астраханцева мен Мейіржан Төлеген сүрінбей өтіп, жартылай финалға шығу үшін таласқан. Алайда ешқайсы келесі кезеңге жолдама ала алмады.
Айта кетейік, қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 9-орында тұр. IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com арқылы YouTube-тан тікелей эфирде көре аласыздар.
Суреттердің авторы – Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.