Каратэден жастар лигасы: Қазақстан құрамасы алғашқы турнирде 4 алтынмен 4-орын алды

БАӘ-нің Фуджейра қаласында жастар арасындағы А сериясының 2025 жылдағы алғашқы турнирі аяқталды.
Бұл сында Қазақстан спортшылары 11 медальмен (4 алтын, 7 қола) жалпы есепте 4-сатыға жайғасты. Көш басында Ресей, одан кейін Иран мен Мысыр командасы.
Алғашқы алтынды кумите бағдарламасында Дінмұхаммед Айдарбек (U16-17) 55 кг дейінгі салмақта топ жарып, қоржынға салды. Дінмұхаммед 2023 жылы осы Фуджейрадағы жарыста 3-орын алған.
Осыдан кейін 14-15 жас санатында Нұрасыл Нұрсейіт (-52 кг) пен Сұңқар Қанибек (-70 кг) чемпион атанды. Нұрасыл аса тартысты өткен финалда Максим Виечкановты (Украина), Сұңқар Хорватия өкілін тізе бүктірді. Ал шешуші жарыс күні Аяулым Тілектес (-47 кг) барлық 6 жекпе-жекте қарсыласын ұтып, мықты екенін көрсетті.
Қола медаль жеңіп алып, үздік үштікті кірген спортшыларымыздың тізімі:
U21 жас санаты — Ақниет Шеризат (-55 кг)
U16-17 жас санаты — Гүлнұр Қойшыбай (-59 кг);
U14-15 жас санаты — Амир Кеңесбай (-52 кг), Руслан Еркін (-57 кг), Батыр Әділ (-57 кг);
U12-13 жас санаты — Арнұр Мұрат (-45 кг) пен Инсар Ахмадиев (-50 кг);
Айта кетейік, Фуджейрадағы турнирге 87 мемлекеттен 2400-ге жуық спортшы жиналды. Қазақстаннан биыл барлығы 140 каратэші сынға түсті. Жастар арасындағы серияның келесі кезеңін Гвадалахара қаласы (Испания) қабылдайды.
Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі