Каратэшілер жауынгерлік өнер ойындарында 3 медальге қол жеткізді
Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін кумите бағдарламасында финалға шыққан Дидар Анарбеков (+84 кг) тартысты айқаста жарыс қожайыны Санад Суфианиге жол беріп, 2-орын алды. Ұлттық құрама спортшысы жартылай финалда чехиялық Ондрей Бошакты жеңген. Күндізгі сессияда Дидар 3 жекпе-жек өткізіп, екеуінде қарсыластан басым түскен.
Ал 68 кг дейінгі салмақтағы Нурия Тізімбай өз тобында 1-орын алғанымен, жартылай финалда тәжірибелі марокколық Виссал Эззардан айласын асыра алмады.
«Екі күнге созылған каратэшілер жарысында 3 медаль алдық. Оның екеуі күміс, біреуі қола. Барлығы Ұлттық құрама сапында 7 спортшы келді. Өкінішке қарай, бүгін бақ сынаған Николь Ценгель жарақат алып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Жалпы мына ойындар біздің қыз-жігіттерге зор тәжірибе жинауға септігін тигізді»,-деді каратэшілерді бастап келген жастар құрамасының аға бапкері Шаттық Қажымұқан.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясы осыған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургте өткен жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден медаль алмаған.