Карнеги-холл, мюзиклдер мен Гран-при: қазақстандық оқушысы әлемдік опера сахнасын бағындыруға дайындалуда

Алматыдан шыққан 18 жастағы Аделина Мұхаметжанованың мақсатшыл екеніне қызыға қарауға болады: лирикалық-колоратуралы сопрано дауыс иесі атанған жас әнші төрт жылға жетпей АҚШ-та өткен академиялық вокалдық байқауларда 20-дан астам жүлдені жеңіп алды.

Бүгінгі таңда Аделина – білім грантының иегері және Миннесота штатындағы Shattuck-St. Mary’s School мектебінде бітіруші сыныптың оқушысы. Жақында бойжеткен өз шеберлігін тағы бір рет дәлелдеп, екі мәрте Гран-при иегері және 1946 жылдан бері АҚШ-тағы академиялық орындаушыларды қолдап келе жатқан беделді National Association of Teachers of Singing, Inc. (NATS) байқауының төрт рет қатарынан лауреаты атанды.

NATS байқауы аясында әнші ересек классикалық вокалды орынаушылар және мюзикл орындаушылары аталымдары бойынша «Нотр-Дамның горбуны» мюзиклінен God Help the Outcasts, «Менің керемет ханымым» мюзиклінен I Could Have Danced All Night, «Кандида» мюзиклінен Glitter and Be Gay туындыларын орындады. Сонымен қатар, классикалық бағытта Ева Дель-Акуаның «Ласточка», Феликс Мендельсонның «Мыстандар әні» және Рикки Иэн Гордонның «Will there really be a morning» шығармаларын шырқап, бірінші орынның жүлдесін жеңіп алды.

Бұл Аделинаның мюзиклдерде өнер көрсетудегі алғашқы тәжірибесі емес, ол өзінің актерлік және сахналық қабілетін белсенді дамытып келеді. Соңғы жылдары ол «Addams Family the Musical» («Адамс отбасы», Мартиша Адамс рөлі, 2025 жыл), «Seussical the Musical» («Доктор Сюсс шығармалары бойынша мюзикл», Мейзи Ла Берд ( кішкентай құс Мейзи), 2024 жыл), «Фантастики» (Луиза,2023 жыл) атты мектеп мюзиклдерінде басты рөлдерді сомдады.

Кәсіби опера әншісі болуды армандайтын талантты қазақстандық бойжеткен АҚШ университетіне оқуға түсуге дайындалып, түрлі байқауларға қатысу үшін өтінімдер беруде. Осылайша, тек соңғы екі жылда Аделина 2024 жылы Juilliard Summer Voice Program (Juilliard Music School, Нью-Йорк) және Berklee Vocal/Horal Intensive (Беркли музыкалық колледжі, Бостон) және осы жазда кәсіби музыканттарға кіру қиындық тудыратын Schmidsivetenniam (Восмония университеті) атты беделді вокалдық бағдарламаларының стипендиаты атанды. Сонымен қатар, ол осы жылы Чикагода өткен CS Music (Convention & Vocal Competition) ұлттық финалына төртінші рет қатарынан шықты және 1922 жылы құрылған Рочестер филармониялық оркестрінің өнерін сүйемелдейтін жалғыз вокалисі болды.

«Мен әлі күнге дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Нұрғалиева Гүлнар Асылбекқызынан онлайн тұрде білім аламын, бірақ Америка мектебіне түскеннен бері өмірім түбегейлі өзгерді. Мен грантта оқимын, оны сақтап қалу үшін оқуыма барынша күш салуым керек. Ұйқының жеткілікті болуы үлкен қуаныш және мектеп бітіруге жақындаған сайын соғұрлым жауапкершілік артады. Оның үстіне мен мұндағы мектеп жатақханасында тұрамын, ал отбасым Алматыда. Алғашында эмоциялық жағынан өте қиын болды, бірақ қазір үйреніп қалдым. Биыл соңғы курста мен мектептің вице-президенті және драма үйірмесінің жетекшісі болдым, сонымен қатар мектептің жаңа шетелдік студенттерінің бейімделуіне көмектесемін.
Мен АҚШ-та кәсіби білім алу үшін грант алып, мансабымды жалғастыра аламын деп үміттенемін»,
– дейді Аделина.

Естеріңізге сала кетейік, Аделина Мұхаметжанова 8 жылдан астам вокалмен айналысады.

2022 жылы ол Елена Образцова атындағы 9-шы халықаралық жас вокалистер байқауында (Ресей, Санкт-Петербург қаласы) 2-ші жүлдені жеңіп алды, сондай-ақ «Балалар дауысы» («Qazaqstan дауысы. Балалар») қазақстандық телевизиляқ жобада өнер көрсетті.

2021 жылы Зарина Алтынбаеваның «Prima Nota Fest» атты республикалық байқауының жеңімпазы (Алматы, Қазақстан) болды.

Аделина Мұхаметжанова 2020 жылы «Шығармашылық жетістігі үшін» номинациясы бойынша «Жыл таңдауы» Ұлттық сыйлығының ең жас иегері атанды.

Аделина 2019 жылдың желтоқсанында American Protege байқауының жеңімпазы ретінде шақырылып, әйгілі Карнеги-холлда (Нью-Йорк, АҚШ) өнер көрсетті.

2018 жылы қазақстандық оқушы қыз Италияда өткен Open International Auditions академиялық вокалдық байқауында Festival & Contest қауымдастығының президенті Кристиан Кароцеттидің арнайы жүлдесін алды. Одан бөлек сол жылы ол атақты Sanremo Junior халықаралық байқауында (Сан-Ремо, Италия) жүлдені жеңіп, Халықаралық орыс әндері фестивалі мен байқауының (Лондон, Ұлыбритания) финалисі болды