КАСКО: Жолда сенімді серігіңіз болсын

Қазақта «сақтансаң — сақтайды» деген сөз бар. Бірақ күнделікті өмірде бұл сөздің шынайы мағынасы тек қиындық туғанда ғана есімізге түседі. Қала ішінде немесе тас жолда рөлге отырған әр жүргізуші көлігіне сеніп, алға қарай жүреді. Алайда сенімді болу — бұл тек рөлге шебер болу емес, өзіңізді де, көлігіңізді де күтпеген жағдайлардан сақтай білу. Міне, осы жерде КАСКО сақтандыруының маңыздылығы айқын көрінеді.
КАСКО — бұл жай ғана сақтандыру полисі емес. Бұл — сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіздің, жүйкеңіздің тыныштығы мен отбасыңыздың амандығының кепілі. Ол көлікті жол-көлік апатынан бастап, табиғи апаттарға, ұрлық пен бұзақылыққа дейін түрлі жағдайлардан қорғайды. Бұрын КАСКО тек шетелдік тәжірибе сияқты көрінсе, бүгінде ол қазақстандық жүргізушілердің арасында да біртіндеп сұранысқа ие бола бастады.
Мысалы, Германияда немесе Жапонияда жеке автокөлік иелерінің 80-90 пайызы көлігін КАСКО арқылы сақтандырады. Себебі олар бір ғана аяқ асты оқиға өмірлік жинақтың біраз бөлігін алып қоюы мүмкін екенін жақсы біледі. Финляндияда, тіпті, кейбір жол-көлік апаттарының шығынын сақтандыру компаниясы он минуттың ішінде онлайн есептеп, жүргізушінің банктік шотына өтемақыны дереу аударады. Бұл — уақытты үнемдеу, сенім мен тәртіп мәдениетінің көрінісі.
Ал Қазақстанда жағдай сәл басқаша. Көптеген адамдар КАСКО сақтандыруын «қымбат», «артық» немесе «керегі жоқ» деп қабылдайды. Алайда өмір көрсетіп отырғандай, жолда күтпеген жағдай жиі болады. Бір Алматының өзінде күн сайын жүзден астам жол апаты тіркеледі. Мұндай жағдайда КАСКО сізді банкрот болудан ғана емес, өзіңізге деген сенімділіктен айырылып қалудан да сақтайды.
Көп жағдайда көлік табыс көзіне айналған. Азаматтардың көбі адамдарды тасымалдау және жеткізу қызметтерімен айналысады. Өкінішке орай, көлік иелері КАСКО полисін тек банктің талабы болған соң ғана рәсімдейді. Ойда-жоқта апаттық жағдай болып жатса, күнделікті табыс көзінен айырылып, кәсібі тоқтап қалуы мүмкін. Сол кезде КАСКО арқасында сақтандыру компаниясы оның көлігіне толық өтемақы төлеп, бірнеше күнге уақытша көлік ұсына алатынын біреу білсе, біреу білмес.
Мұндай мысалдар көп. Көлік жүргізушілері жолдағы қауіптің қайдан келетінін білмей қалады. Ауа райы да сенімсіз — көктемде сел, жазда бұршақ, күзде нөсер жауын, қыста мұз. КАСКО осы табиғаттың тосын мінезінен де қорғайды. Қазақстанда бір ғана бұршақ кезінде жүздеген көлікке зақым келіп, кейбір көліктердің терезесі мен шанақ бөлігі толығымен жарамсыз күйге түсті. Бұл жағдайлардан тек КАСКО полисі арқылы толық қорғана аласыз.
Әрине, бұл сақтандырудың құны бар. Бірақ оны көлік құнының шағын бір пайызымен салыстырғанда, айтарлықтай арзан екені байқалады. Кейбір сақтандыру компаниялары бөліп төлеу мүмкіндігін де ұсынады, бұл әсіресе жастар мен жаңа көлік иелері үшін тиімді. Оған қоса, КАСКО иелеріне тегін эвакуатор, техникалық көмек, жөндеу орнына дейін жеткізу сынды қосымша қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер төтенше жағдайда аса қажет болады.
Елімізде КАСКО сақтандыруының қолжетімділігін арттыру мақсатында сақтандыру компаниялары цифрландыруға бет бұрды. Қазір көптеген қызметті онлайн рәсімдеуге болады. Тіпті кей компаниялар мобильді қосымша арқылы фото жіберіп, шағын залалды 24 сағат ішінде өтейді. Бұл — әлемдік стандартқа жақындаудың белгісі.
Сақтандырудың мұндай түрі тек көлік үшін емес, адам өмірінің ритмін сақтап қалуға көмектеседі. Егер адам өзінің көлігі үшін уайымдамаса, ол жұмысына, отбасына, денсаулығына көбірек көңіл бөледі. Бұл – жай ғана автосақтандыру емес, бұл — өмір сапасын арттыратын мәдениет.
КАСКО — ертеңгі күнге деген сенімділіктің белгісі. Ол сіздің жүргізуші ретіндегі жауапкершілігіңізді арттырып, отбасылық қауіпсіздіктің бір қабатын күшейтеді. Сақтандыру мәдениеті дамыған елдерде бұл түсінік күнделікті нормаға айналған. Қазақстан да сол жолда. Ендігі мәселе — әр жүргізушінің жеке таңдауында.
“Бүгінгі таңда дұрыс шешім қабылдасаңыз, ертең сізге ешқандай қауіп төнбейді”, – дейді сақтандыру саласының өкілдері. Иә, бұл сөздің жаны бар. Бұл – тек материалдық құндылықты емес, өмірдің жайлылығын, еркіндікті, сенімділік пен тыныштықты таңдаудың көрінісі. КАСКО – бұл сақтықтың емес, даналықтың белгісі. Жол — әрдайым күтпеген бұрылыстарға толы, ал сенімді сақтандыру — сол жолдағы ең жақсы серігіңіз болатыны хақ.
Ғазиза Ұзақ