Қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогі өз мәресіне жетті

Семей қаласындағы «Абай Арена» спорт кешені төрт күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген апайтөс балуандардың айқасына куә болды. Қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогі – биылғы ұлттық спорт күнтізбесіндегі ең тартысты жарыстардың бірі болды. Алаш арыстарының ізі қалған, хакім Абайдың қаны тамған қасиетті топырақта ұлттық күресіміздің туы қайта желбіреді.
Бұл додаға еліміздің барлық өңірінен келген 20 команда қатысып, ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша бозкілемге шықты. Сонымен қатар, төртінші күні өткен аралас командалық жарыс нағыз тартыстың шыңына айналғаны сөзсіз.
Бірінші жарыс күні басталған белдесулерден-ақ бұл жолғы Кубоктың деңгейі айқын байқалып, бұл бәсекелі жарыс бозкілемдегі нағыз шеберлердің сайысына айналды. Әр салмақ дәрежесінде тартыс пен тактика, жігер мен тәртіп қатар өрбіді. Ерлер арасындағы күрестер ең жеңіл салмақ – 55 келіден басталды. Мұнда Абай облысының үміті Қуаныш Мақсұтов кілемде кездескен қарсыластарынан басым түсіп, туған топырағында топ жарды. 60 келіде Жетісу облысының намысын қорғаған тәжірибелі балуан Марат Нигматуллаев ширақ әрі салмақты өнер көрсетіп, өз салмағының үздігі атанды. Ал 66 келіде бозкілемге шыққан шымкенттік балуан Ибрахим Нұрмаханұлы қарсыластарын сенімді күресімен жеңді.
74 келіде Жамбыл облысының өкілі Орынбасар Бақтыбекұлы ұтымды әдіс пен табандылық танытып, алтын медальға қол жеткізді. 82 келіде сынға түскен ақтөбелік спортшы Азат Қуановтың шеберлігімен таныла біліп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 90 келіде Абай облысының намысын қорғаған Қуаныш Рәтаев күрес көркін қыздырып, жанкүйерлерін ерекше қуантты. Оның жеңісі – тек жеке жетістік емес, өңірлік күрес мектебінің абыройы десек артық болмас. 100 келіде атой салып, үздік атанған – Шымкент қаласының тағы бір саңлағы Ерсұлтан Мұзаппаров. Сөйтіп, ол жыл басында Үндістан елінде өткен Әлем чемпионатындағы жеңісті жолын жалғастырды. Алыптардың белдесуінде, яғни +100 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысының балуаны Қайсар Шамшидинов кілемдегі күш пен тактиканы тамаша үйлестіріп, жеңіске жетті. Ал түйе балуан сынында маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғапов өзгелерден оқ бойы озып, өз салмағының хас шебері екенін тағы бір дәлелдеді.
Нәзік жандар арасындағы белдесулер де аса тартысты өтті. Атап айтқанда, 48 келіде бозкілемге шыққан Маңғыстау облысының бұрымды балуаны Айдана Хасенқызы кілемдегі қарсыластарын қапы қалдырды. 52 келіде Алматы облысының өкілі Арай Дүйсебай таза техникалық басымдықпен жеңіске жетті. Өз өңірінің намысын қолдан бермеген шымкенттік Әсемгүл Балтабай 56 келіде жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Сондай-ақ, 60 келіде сынға түскен ҚКСК өкілі Назерке Асанхан, 65 келіде тағы бір шымкенттік Сабина Әлібек нағыз спортшыға тән табандылықтың арқасында жеңімпаз атанды.
Ал 70 келіде Ұлытау облысынан келген Ақерке Мырзабек, 77 келіде Атырау облысының мақтанышы Аружан Жандарбай, +77 келіде Абай облысының үміті Зере Бектасқызы қарсылас шақ келтірмей, бозкілемде өзіндік мектеп пен шеберліктің үлгісін көрсетті.
«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры демеушілік көрсеткен дода барысында әр салмақта топ жарған бұл спортшылар – өз өңірлерінің абыройын көтеріп қана қоймай, қазақ күресінің бүгінгі биік деңгейін паш еткен дара тұлғалар.
Командалық айқас – бірліктің айнасы
Төрт күнге созылған тартысты жарыстың ең қызу кезеңі – аралас командалық белдесу болды. Бұл күні бозкілемге шыққан әр өңірдің намысын арқалаған балуандар үшін тек жекелей емес, ұжымдық жауапкершілік те алдыңғы қатарға шықты. Ерлер – 66, 82, 100 және +100 келіде, ал әйелдер – 60, 70 және +77 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсті.
Командалық жарыстың нәтижесі тек шеберліктің емес, командалық рухтың, өңірлік спорт мектептерінің жүйелі еңбегінің көрсеткіші болды. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының құрамасы барлық көрсеткіш бойынша өзгелерден оза шауып, Қазақстан Республикасы Кубогінің ең үздік командасы атанды. Олардың жеңісін тек физикалық дайындықпен емес, бірлік пен тактикалық үйлесімділікпен келген нәтиже деуге болады.
Абай облысы құрамасы да қарсыластарынан қалыс қалмай, күміс жүлдеге ие болды. Ерлер мен әйелдер құрамының бірдей белсенділігі мен сәтті тактикасы бұл жетістікке жол ашты. Ал Астана мен Алматы қалалары командалық жарыста қола жүлдені бөлісті. Бұл екі ірі мегаполистің де ұлттық спортқа деген көзқарасы мен қолдауы айқын көрініс тапты.
Командалық жарыс – тек балуан мен белдесу емес, бұл – сенім мен серттің, дайындық пен өзара қолдаудың нәтижесі. Биылғы Кубок көрсеткен басты сабақ – бірлік бар жерде жеңіс бар.
Медальдар есебі: кім көш бастады?
Қазақстан Республикасы Кубогінің қорытындысы – бұл тек төрткүндік белдесудің нәтижесі емес, бұл – өңірлік спорттың, бапкерлер еңбегінің және спортшылардың залда төккен терінің нәтижесі. Биылғы жарыста барлығы 16 жекелей салмақ дәрежесі мен 1 командалық сайыс бойынша жеңімпаздар анықталды.
Медальдар есебіне көз салсақ, Шымкент қаласының балуандары нағыз көшбасшылық танытты. Құраманың қоржынында 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль бар. Бұл – тек саны емес, сапасы жағынан да үздік көрсеткіш. Шымкент балуандары жекелей жарыстарда да, командалық бәсекеде де өздерін мойындата білді.
Қоржынында 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медалі бар Абай облысы екінші орынға жайғасса, ал Маңғыстау облысы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.
Ұлы Абайдың 180 жылдығы аясында Абай облысының орталығы – Семей қаласында өткен бұл жарыс – жай ғана қатардағы дода емес, ол ұлттық идеологияның, спорт пен тәрбиенің тоғысқан алаңы. Қазақ күресі бүгінде тек ел ішіндегі емес, халықаралық аренада да мойындалған спорт түрі. Бұл – оның Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен World Combat Games сияқты кешенді ойындардың бағдарламаларына енуімен дәлелденіп отыр.
Осы бағытта жүйелі жұмыс істеп келе жатқан Qazaq Kuresi Ассоциациясы жыл сайын 90-нан астам республикалық, ұлттық және халықаралық жарыстар өткізіп, ұлттық мұраны жаңа буынға аманаттауда.
Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі