Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі
Пара оқ ату: Қазақстандық параспортшы Еркін Ғаббасов пара оқ атудан Нью Делиде өтіп жатқан Әлем кубогінде екінші орын алып, Париж-2024 Паралимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Еркін R1 дисциплинасының финалында ол 246,8 ұпаймен жарыстың күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Шахмат: Бибісара Асаубаева Мәскеудегі «Аэрофлот Опен 2024» шахмат фестивалінде әйелдер арасындағы жарыста топ жарды. Қазақстаннан Бибісарамен қатар Қазыбек Нөгербек (18-орын), Даниал Сапенов (21-орын), Рамазан Жалмаханов (38), Әлішер Сүлейменов (65) сынға түсті.
Фристайл-могул: Алматыда ұйымдастырылған фристайл-могулдан Әлем кубогі кезеңінде Ұлттық құрама спортшысы Павел Колмаков күміс жүлдегер атанды. Параллель могул бағдарламасында сынға түскен Павел жартылай финалда финляндиялық Сивери Виерелладан басым түскенімен, финалда канадалық Микаэль Кингсбериге жол берді.
Көгалдағы хоккей: Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер арасындағы орталық Азия елдерінің чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жеңімпаз атанды. Нұржан Бейбітов баптайтын еліміздің әйелдер құрамасы алғашқы ойында Тәжікстанды 13:1 есебімен ойсырата жеңді. Сосын, Өзбекстан хоккейшілерімен тең түскен (1-1). Ал жарыс қожайындарымен болған екінші матчта Ұлттық құрама 2:1 есебімен жеңіп, біріншілікте топ жарды.
Көркем гимнастика: Эстонияның Тарту қаласында көркем гимнастикадан дәстүрлі «Мисс Валентайн» Гран-приінде отандасымыз Айбота Ертайқызы 2 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама өкілі доппен өнер көрсетуде күміс жүлдегер атанса (32.700 балл), шығыршық жаттығуында қолаға (32.550 ұпай) ие болды.
Есу слаломы: Таиландтың Паттайя қаласында байдарка және каноэде есу слаломынан өткен Азия чемпионатында ел спортшылары 7 медаль жеңіп алды. Екатерина Таранцева 18 жасқа дейінгі санатта байдаркада, ал Анастасия Ананьева 23 жасқа дейінгі санатта каноэде есуде алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар Александр Коробов (U18, байдарка) күміс жүлдегер атанды. Қазақстан ерлер құрамасы (Қуаныш Еренғайыпов, Әділ Аманбаев, Александр Куликов) командалық сында каноэде есу слаломынан топ жарып, байдаркада күміс жүлдеге қол жеткізген. Ал әйелдер құрамасы (Анастасия Ананьева, Дарья Чешуина) байдаркада және каноэде қос күміске ие болды.
Күрес: Түркияның Анталья қаласында күрес түрлерінен Яшар Догу, Хамит Каплан және Вехби Эмрені еске түсіруге арналған халықаралық турнирде жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Әйелдер күресінде Эльмира Сыздықова (76 кг), Ирина Кузнецова (62 кг) күміс жүлдегер атанса, Гүлдана Бекеш (59 кг), Елена Шалыгина (68 кг) мен Шәмшиябану Тастанбек (72 кг), Эмма Тисина (57 кг) қола жүлдеге ие болды.
Грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов (60 кг) пен Тамерлан Шадукаев (77 кг) және еркін күрестен Ризабек Айтмұхан (97 кг) қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Су спорты: Филиппиннің Нью-Кларк-Сити қаласында өткен су спорты түрлерінен әр түрлі жас санатындағы XI Азия чемпионатында көркем жүзуден Даяна Джаманчалова мен София Ищенко жұбы (13-15 жас тобы) еркін бағдарламада қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар көркем жүзуден Ұлттық құрама спортшылары Ясмин Тұяқова мен Арина Пушкина еркін бағдарламада күміс жүлде иеленсе, су добынан Қазақстан жастар құрамасы қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен матчта жерлестеріміз Қытай командасын 7:4 есебімен тізе бүктірді.
Аралас жекпе-жек: АҚШ-тың Майами қаласында өткен UFC 299 турнирінде отандасымыз Асу Алмабаев америкалық Си Джей Вергарамен жекпе-жекке шығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңімпаз атанды.
Теннис: Дмитрий Попко жұптық сында Бразилияның Ресифе қаласындағы ITF турнирінде топ жарды. Бразилиялық Даниэль Дутра Да Сильвамен бірге жұп құрап ойнаған Попко финалда корт иелері Луис Бритто – Пауло Андре Сарайва Дос Сантостан 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.