Қазақ тілінің жаңа оқулығы: оқушының дамуына арналған заманауи әдістер
7-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы еліміздің жетекші баспаларының бірі – ARMAN-PV баспасынан жарық көрді. Бұл оқулық қазіргі заман талаптарына сай білім беру жүйесіне арналған инновациялық құрал. Оқулық авторларының бірі – Отарбекова Жәмила Керімбайқызы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Еңбек өтілі – 36 жыл, ал оқулық авторы ретінде жинақтаған тәжірибесі – 8 жыл. Сондай-ақ, Жәмила Керімбайқызының 150-ге жуық ғылыми мақаласы жарияланған.
Ғалымның айтуынша, оқулық оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, тілдік дағдыларын жетілдіру және функционалды сауаттылықтарын арттыру мақсатында дайындалған. Біз осы жаңа оқулықтың ерекшеліктері туралы Жәмила Керімбайқызымен сұхбаттастық.
Отарбекова Жәмила Керімбайқызы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., оқулық авторы
– Жәмила Керімбайқызы, 7-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының басты ерекшеліктері қандай?
– Бұл оқулық қазіргі білім беру жүйесінің талаптарына толық сәйкес келеді. Оқулықтың басты мақсаты – оқушылардың сындарлы ойлау қабілеттерін дамыту, тілдік дағдыларын жетілдіру және алған білімін шығармашылықпен қолдануға үйрету. Әр тапсырма оқушылардың күнделікті өмірде алған білімдерін нақты өмірде пайдалануға бағытталған. Ережелерді жаттатуға емес, оларды тәжірибе жүзінде қолдануға басымдық бердік.
– Оқулық мазмұны мен құрылымы қандай жаңалықтар әкелді?
– Оқулық мазмұны мен құрылымы ерекше жаңашылдыққа ие. Әдеби тіл нормалары мен тілдік дағдыларды өмірде қолдануға ерекше назар аудардық. Тыңдалым және оқылым тапсырмаларына QR-кодтар енгізіліп, оқушылардың мәтінді тыңдау, түсіну және талдау мүмкіндіктері кеңейтілді. Сонымен қатар, графикалық мәтін құрастыру, эссе жазу сияқты тапсырмалар шығармашылық қабілеттерді дамытуды көздейді.
– Ақпараттық технологиялар оқулықта қаншалықты қолданылған?
– Қазіргі заман ақпараттық технологияларсыз мүмкін емес. Біз оқулықта осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға тырыстық. Қосымша шығармалар, қызықты мәліметтер және интерактивті тапсырмалар оқушылардың ізденуіне жол ашады. Бұл әдістер білім алу процесін жеңілдетіп қана қоймай, пәнге деген қызығушылықты арттырады.
– Мұғалімдерге арналған қандай қосымша құралдар қарастырылған?
– Мұғалімдер үшін әдістемелік нұсқаулықтар, дидактикалық материалдар және диктанттар мен мазмұндамалар жинағы дайындалды. Әсіресе жас мұғалімдер үшін ұзақ мерзімді жоспарлар мен сабақ үлгілері, заманауи оқыту технологиялары ұсынылды. Біздің мақсатымыз – мұғалімдерге оқу процесін жеңілдетуге көмектесу.
– Оқулықтың оқушыларға қандай әсері болуы мүмкін?
– Бұл оқулық тек білім беру құралы ғана емес, оқушыларды өмірге дайындайтын әмбебап құрал. Оқушыларымыз ақпаратты талдап, өз көзқарасын еркін білдіруге және оны дәлелдермен негіздеуге үйренеді. Мұндай дағдылар олардың болашағына үлкен ықпал етеді деп сенеміз.
Бұл оқулық ARMAN-PV баспасынан жарық көргенін ерекше атап өткім келеді. Баспа жаңа заман талаптарына сай сапалы оқулықтар шығару арқылы еліміздің білім беру саласына үлкен үлес қосып келеді.