Қазақ вальсінің құпиясы

Композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Латиф Хамидидің шығармашылығынан ойып тұрып орын алған, сонау ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жазылып, дүние жүзінің ірі сахналарында орындалған, әлі күнге дейін белгілі әншілер орындап жүрген шоқтығы биік «Қазақ вальсі» әнінің сөзін жазған жазушы, академик Сәбит Мұқанов екенін көбі біле бермейді.
Алматы қаласы Музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқановтың музейінде «Қазақ вальсінің» толық мәтіні мен нотаға түсірілген нұсқасы сақталған. Музей келушілеріне «Қазақ вальсінің» сөзін жазған С.Мұқанов!» деп таныстырған сәттегі таңданысын сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Бұл ақпаратты әрине көбі біле бермейді.
Латиф Хамиди С.Мұқановтың сонау 30-шы жылдардан Мәскеуде оқып жүрген кезінінен танысып, дос болып кеткен інісі. «Қазақ вальсі» қалай туды?» деген естелік те жазған. Естелігінде композитор С.Мұқановты еске алады: «С.Мұқанов «Екі той» пьесасын жазды. Пьесасында той үстінде айтылатын ән дуэт түрінде орындалады. Әуенін өзі жазған композитор алғашқыда бұл әнді «Дуэтты вальс» деп атайды. Кейіннен «Қазақ вальсі» аталып кетеді». Сәбит «Екі той» пьесасы 1940 жылы қазан айында радиодан орындалғанын, қаламгер өзі тыңдағанын, бір кездескенде музыкамды ұнатқанын білдіріп, алғыс айтқаны жөнінде баяндайды. Сонымен қатар вальстің 1942 жылы Фрунзе қаласында өткен онкүндікте опера әншісі Шабал Бейсекова орындағанын және бұл шараға қатысқан Мәскеулік ақын Владимир Винников әннің мәтінін орысшаға аударғаны туралы айтады. Осы онкүндіктен кейін «Қазақ вальсі» Одақ көлеміне таралып кетеді.
«…«Қазақ вальсінің» өлеңі соғыс тақырыбына әрі дуэт болып айтуға лайықты жазылған ғой. Пьесада орынды болғанмен, жеке шырқауға келмейтін. Ән вальс ырғағымен жазылған соң, оның тексті де жастық, махаббат тақырыбына лайықталып, қайта жазылуы керек еді. Сәбеңе соны ескертіп, ән тексін қайта жазуды өтіндім… Сәл жымиып күлді де, орнына барып отырып, қағаз-қаламын дайындады. …Сөйткенше болмады, өлеңнің алғашқы жолы да таспадай тізіліп, қағаз бетіне түсті. Шабытына мінген ақын лезде адам танығысыз құдіретке айналды.
Сәбеңнің өлең жазғанын алғашқы көруім еді. Жылдам жазады екен. Ойын бөлмейін деп, оқтын-оқтын көз қиығымды қыдыртып қарап қойып отырмын.
- Тыңдап көрші, Латиф, мен бітірдім, – деді бір кезде Сәбең қағаздан басын көтеріп.
- Ал, кәне…
Сәбең оқи жөнелді:
Май туса, гүлдер шешек атса жазда,
Тоғайда бұлбұл, көлде аққу, қаз да
Сайраса, біз жастар да нақ солардай,
Бақытқа бөленеміз сауық, назға…
Өміршең бір өлеңнің дүниеге келгенін, нағыз «Қазақ вальсінің» енді туғанын мен сол сәтте сездім» деп естелігін тебірене аяқтаған.
«Қазақ вальсін» Күләш Бәйсейітова, Шабал Бейсековадан кейін әр жылдары Бибігүл Төлегенова, Майгүл Қазтұрғанова, Альфия Кәрімова, Мақпал Жүнісова, Жадыра Исабекова, Нәйла Досан, Әйгерім Уалжанова, т. б. орындаған.
Анар КӨШЕРБАЕВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМҚК
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі