Қазақстан әйелдер арасында бас бапкер алмасты

Боксшыларды жаңа әдістемелермен жаттықтыру және Париж Олимпиадасының лицензиялық турниріне боксшыларды сапалы іріктеу, сондай-ақ Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету мақсатында Қазақстан бокс федерациясының ұсынысымен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетіне Қазақстан әйелдер құрамасының бапкерлер алқасына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасалды.

Осылайша жоғарыда аталған тараптың келісімімен Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері болып Сайдалин Елдос Жәнібекұлы тағайындалды. Бұл қызметте ол 2021 жылдан бері бас бапкер болған Шәміл Сафиуллинді алмастырды.

Бапкерлік өтілі 16 жылдан астам. Қарағанды облысы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болған. 2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкері. Оның жетекшілігімен 2021 жылғы Әлем чемпионатында қыздарымыз 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген. 2022 жылы Әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары ел қоржынына 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль салды. Сондай-ақ, былтыр Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додада 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.