Қазақстан азаматтарының банкроттығы: Жетісу облысы бойынша өзекті мәліметтер жарияланды

Жетісу облысы Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша жалпы 9 729 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 6 841 өтініш қанағаттандырылмаған. Ал 1 179 азамат банкрот деп танылған.
Әлеуметтік шиеленісті төмендету және халықтың қарыздық жүктемесін азайту мақсатында үш түрлі рәсім қарастырылған болатын. Атап айтсақ, соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.
Барлық рәсімдерді тек борышкердің өзі ғана бастай алады, яғни кредиторлар тарапынан бұл процестерді қозғау мүмкіндігі жоқ.
Брифинг барысында ең көп сұранысқа ие рәсім – соттан тыс банкроттық жайлы кеңінен айтылды. Бұл рәсім банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек бойынша қолданылады. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні. Өтініштерді E-gov порталы, мобильді қосымша және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
Соттан тыс банкроттық рәсіміне қойылатын негізгі шарттар: берешек сомасы 6 291 200 теңгеден (1 600 АЕК) аспауы тиіс, 12 ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерді өтеу болмауы керек, борышкердің мүлкі болмауы қажет, берешекті реттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс, соңғы 7 жылда банкроттық рәсімдері қолданылмауы қажет.
Айта кетерлік жайт, әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, соңғы 6 айда әлеуметтік көмек алатын азаматтарға және 5 жылдан астам уақыт өтелмеген берешегі бар тұлғаларға кейбір шарттар қолданылмайды.
Келесі рәсімдер – сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сот арқылы қарастырылады. Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі есебінен кредиторлардың талаптарын өтеу көзделген. Бұл рәсімге қаржы басқарушы тағайындалады. Банкроттық рәсімі 6 айда аяқталады, қажет болған жағдайда тағы 6 айға ұзартылуы мүмкін.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы немесе мүлігі бар азаматтар үшін қарастырылған. Бұл жағдайда борышкер қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеу немесе төлемді шегеру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, банкроттық мәртебесі берілмейді, тиісінше банкротқа тән шектеулер қолданылмайды.