Қазақстан экономикасының ғылыми-технологиялық секторын дамыту мәселесі Лондонда өткен Future Resilience Forum-да талқыланды

Лондонда жыл сайынғы жаһандық дағдарыстар мен «жаңа әлемдік тәртіп» жағдайындағы тұрақты даму стратегияларын талқылауға арналған, саясат, экономика және ғылым көшбасшыларын біріктіретін беделді алаң – үшінші Future Resilience Forum өтті. Биыл форум аясында «Қазақстан – дипломатия және сауда» атты панельдік сессия өтті. Сессияда көпполярлы әлемде «орта держава» ретіндегі Қазақстанның рөлі мен энергетика, минералдық ресурстардан бастап фармацевтика мен жоғары технологияларға дейінгі экономиканың негізгі салаларын дамыту келешегі талқыланды.

Талқылауға мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдері қатысты: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Энергетика министрі Ерлан Аккенженов, «KAZAKH Invest» төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек, АХҚО әкімшілігі басқармасының төрағасы Бақтияр Тілеубеков, сондай-ақ «АстраЗенека» Қазақстан компаниясының бас директоры Мария Шипулева. Сесссияны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ашып, Қазақстанның инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі орнын нығайтып келе жатқанын атап өтті.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ел экономикасының құрылымын өзгерту, атап айтқанда әртараптандыру, инвестицияларды ынталандыру, өнімділікті арттыру және шикізаттық емес секторды кеңейту арқылы ерекше назар аударуды тапсырды.

«АстраЗенека» Қазақстан компаниясының бас директоры Мария Шипулева фармацевтика саласын негізге ала отырып, Қазақстанның ғылыми-технологиялық секторының даму мүмкіндіктерін талқылады. Фармацевтика экономиканың ғылымды қажет ететін саласы. Ол дәрілік заттарды зерттеу, әзірлеу және өндірумен айналысады, бұл едәуір капиталдық шығындар мен жоғары деңгейдегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды талап етеді. Тек 2024 жылдың өзінде «АстраЗенека» бүкіл әлем бойынша зерттеулер мен әзірлемелерге 13,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлді. Бұл инвестициялар инновациялық шешімдердің пайда болуын ынталандырып қана қоймай, экономикаға да елеулі үлес қосады. Мысалы, АҚШ-та биофармацевтикалық сектор тікелей ЖІӨ-нің 1,6%-ын құрайды және 880 миллиард доллардан астам қосымша құн жасайды. Сала қолдайтын бүкіл экожүйені ескере отырып, жалпы үлес ЖІӨ-нің шамамен 3,4%-ын құрайды – бұл ғылымның экономикалық өсудің қозғаушы күші бола алатынын айқын көрсетеді.

«Бүгінгі таңда фармацевтикалық индустрия тек дәрі-дәрмек өндірумен ғана шектелмейді. Бұл ғылымды, технологияны және халықаралық ынтымақтастықты біріктіретін, экономиканың ғылыми секторын дамытатын және қоғам мен мемлекет үшін жаңа құндылық жасайтын сала», – деп атап өтті Мария Шипулева.

Мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қажет. Осындай әріптестіктің жақсы мысалдарының бірі – Қазақстанда «АстраЗенека» оригиналды дәрі-дәрмектерін өндіруді жергіліктендіру жобасы болды. 2022 жылғы ақпанда Қазақстан-Ұлыбритания үкіметаралық комиссиясы аясында компания ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен Меморандумға қол қойды, ал 2025 жылғы мамырда Алматыда жүрек жеткіліксіздігі, созылмалы бүйрек ауруы және қант диабетін емдеуге арналған оригиналды препаратты өндіру іске қосылды. Осылайша, бұл жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және «KAZAKH Invest» бірлескен күш-жігерінің нәтижесіне айналды және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тиімді сауда ынтымақтастығын көрсетті.

Ұзақ мерзімді перспективада «АстраЗенека» елдің зерттеу және білім беру экожүйесін дамытуға ұмтылып отыр. Компания Назарбаев Университеті, Coventry University және De Montfort University университеттерімен мамандар даярлау және білім беру трансфері үшін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Сөз соңында Мария Шипулева Қазақстан үкіметін «Partnership for Health System Sustainability and Resilience (PHSSR)» халықаралық бастамасына қосылуға шақырды. Бұл «АстраЗенека», Лондон экономика мектебі (LSE), Дүниежүзілік экономикалық форум және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорының бірлескен жобасы. Бағдарлама әлемнің 30-дан астам елінде ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

“Біз Қазақстан үкіметін PHSSR қатысушыларының қатарынан көруге асыға күтеміз. Бұл әлемдік тәжірибені жергілікті басымдықтармен біріктіруге және денсаулық сақтау жүйесін өзгертуді жеделдетуге мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Мария Шипулева.