Қазақстан Елшісі Польша Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Варшаваның Белведер сарайында Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Президенті Анджей Дудаға сенім грамоталарын тапсырды.

Салтанатты рәсімнен кейін Польша мемлекетінің басшысымен сұхбат барысында қазақ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтары, елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер туралы хабардар етті.

Қазақстан мен Польша арасындағы қатынастардың жағдайын талқылай отыра тараптар саяси диалогтың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, екі елдің экономикасы мен мәдени-гуманитарлық байланыстарының қарқынды дамуына өзара берік көзқарас білдірді.

Польша президентінің пікірінше, Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі.

Кездесу қорытындысында А. Дуда Қазақстан халқына және еліміздің басшылығына ізгі тілектерін жеткізіп, қазақ дипломатын ресми қызметке кірісуімен құттықтады және барлық салаларда қазақ-поляк қатынастарының одан әрі нығаюына табыс тіледі.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі