«Қазақстан халқына» қоры Алматы облысына онкологиялық скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенді табыстады
Республика күні қарсаңында «Қазақстан халқына» қоры Алматы облысына онкологиялық скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенді табыстады
Алматы облысында Қазақстан Республикасының шалғай аймақтарындағы халықты онкологиялық скринингтік және профилактикалық тексеруді дер кезінде жүзеге асыруға бағытталған «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтті. Жоба аясында үш облыстық онкологиялық орталықтарына жылжымалы медициналық кешендер сатып алуы жоспарланып отыр.
Медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 2 көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен Алматы облыстық көпсалалы емханасына салтанатты түрде табысталды.
OPTIMA жылжымалы медициналық кешені томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары деңгейде зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Кешеннің құны 1,091 млн теңгені құрайды. Бұл медициналық кешен екі көліктен тұрады, оның біреуі 128 кесінділік компьютерлік томографпен, екіншісі цифрлық маммографиялық аппаратпен және УДЗ аппаратымен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Көліктер қатерлі ісік скринингіне арналған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш қолданысқа беріліп отыр.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басшысы Болат Жәмішев және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, еліміздің бас штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарова қатысты.
«Бүгінде елде шалғай ауылдардың тұрғындарын онкологиялық скринингтік тексерулермен қамту деңгейі төмен. Мобильді медициналық кешендер әсіресе қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін науқастарға жоғары технологиялық консультативтік-диагностикалық көмекке қолжетімділікті арттырып, төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы скринингтік тексерулерді уақтылы өткізуге ықпал етеді», — деді «Қазақстан халқына» ҚҚ Төрағасы Болат Жәмішев.
«QH Денсаулық жолы» жобасын Қазақстан Республикасының пилоттық аймақтары – Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында іске асыру арқылы халықты қамту көлемін және науқастарда, әсіресе ерте (0–1 кезеңдерінде) онкологиялық ауруларды анықтауды арттырады.
Жобаны жүзеге асыру арқылы халықты онкологиялық скринингпен қамтуды пилоттық аймақтарда 50-ден 70%-ға дейін арттыру күтілуде.
«Алматы облысы халық саны мен ауданы бойынша Қазақстанның ірі өңірлерінің бірі. Облыста 1,5 миллионнан астам адам тұрады, оның 1,3 миллионнан астамы ауыл тұрғындары. Жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған екі жылжымалы медициналық кешенді алу облыстың шалғай және жетуі қиын аудандарында халықты уақтылы қолжетімді және білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге үлес қосатыны сөзсіз», — Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндады.
Айта кетерлігі, бір ғана Алматы облысында 10 617 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұр. 2023 жылы 8 айда тағы 1342 науқас тіркелді.
Қатерлі ісік ауруын ерте анықтау әрі қарай сауығуы мүмкін емдік шаралар кешенін уақтылы жүргізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұрғындары арасында қатерлі ісіктерден болатын өлімді азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен, пилоттық облыс әкімдіктерімен және облыстық онкологиялық орталықтармен серіктестікте жүзеге асыруда.
Келесі аптадан бастап жылжымалы кешендер Алматы облысының шалғай орналасан Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарына жол тартады.