«Қазақстан халқына» қоры Қызылорда қаласында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2025 жылғы 25 қыркүйекте Қызылорда қаласында «Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, әріптестік, мұра» тақырыбында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізді. Қорытынды отырыс Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Өнер сарайында өтті.

Жыл сайынғы конференция Қор қызметінің нәтижелерін қорытындылау мен көрсетуге және Қазақстандағы қайырымдылықты дамытудың келешегін талқылауға арналған басты алаңға айналды. Шараға Қордың әр аймақтағы қайырымдылық алушылары, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, ҮЕҰ, БАҚ, сондай-ақ Қамқоршылық кеңесі мен Басқарма мүшелері қатысты. Барлығы еліміздің барлық өңірінен шамамен мыңға жуық адам жиналды.

IV Конференция бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтыды:

  • Қордың 20 өңірлік Азаматтық форумға қатысуы – жергілікті ҮЕҰ мен жұртшылыққа жұмыс нәтижелері мен жоспарларын таныстыру (2025 жылғы мамыр-қыркүйек айлары аралығында)
  • Өңірлік пресс-турлар өткізу — журналистерді, блогерлерді және инфлюенсерлерді «Қазақстан халқына» Қорының қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік нысандармен таныстыру. Бұл бағдарлама аясында Қор 14 өңірді қамтып, 19 қала мен 14 ауылға барды. Сапарлар барысында Қормен құрылған және қолдау көрсетілген барлығы 55 нысан көрсетілді. Олардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау саласындағы жобалар бар. Пресс-турларға 175-ке жуық журналист, блогер мен инфлюенсер қатысты.
  • 2025 жылы алғаш рет қорытынды отырыс өңірде – Қызылордада өтті. Мұнда Қордың басты әлеуметтік нысандарының бірі – ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға арналған заманауи спорт-сауықтыру кешені салынуда. Қазақстанда алғаш рет осындай спорт кешені құрылмақ, қайырыдылықты алушы ретінде Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Мүгедектер спорт клубы» КММ болады.

Қорытынды отырыстың бағдарламасы үш тақырыптық сессиядан тұрды:

«Тұрақтылық» – ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, кітапханалар базасында қоғамдық орталықтар құру, менталды бұзылыстары бар балаларды қолдау және жастарға арналған спорттық бастамалар.

  • «Әріптестік» – үздік білім беру тәжірибелерін енгізу, балалар мен жастарды инновациялық протез-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдарды оңалту мәселелері.
  • «Мұра» – спорт пен білім саласындағы жобалар, ауыл жастарын қолдау, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек.

Қатысушыларды Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ҚР Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева және «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева қарсы алды.

Ләззат Чинкисбаева өз сөзінде: «Жүйелі қайырымдылық – бұл уақытша шара емес, ұзақ мерзімді өзгерістерге жол ашатын нақты іс. «Қазақстан халқына» қоры үшін бұл – адамдардың өмірін өзгертетін, болашаққа үміт сыйлайтын тұрақты жобалар. Біз мемлекет, қоғам және бизнес әріптестігі арқылы ғана шын мәнінде елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз. IV Конференция – бұл үш жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы. Бұл тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер іздеу және Қордың өңірлерге көрсетіп отырған нақты көмегін таныстыру алаңы. Мұның барлығы келер ұрпақ үшін берік мұраға айналады», – деп атап көрсетті.

Қор жобалары қоғамда әлеуметтік әділеттілік сезімін қалыптастырады және көмектің мұқтаж әрбір жанға қолжетімді екеніне сенім ұялатады. Секциялық отырыстарда 12 қайырыдылық алушы мен серіктестің нақты өмірлік оқиғалары айтылып, жүйелі қайырымдылықтың адамдардың өмірін қалай өзгертетіні көрсетілді.

Конференция алғыс хаттар мен арнайы стелланы табыстаумен, сондай-ақ қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды. Қор серіктестеріне және бағдарламалардың белсенді қатысушыларына сенімі, кәсібилігі және қайырымдылық бастамаларын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етілді.

2025 жылы «Қазақстан халқынан» стелласы Қордың серіктесі, «Тұсау кесер» бағдарламасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалардың болашағына елеулі үлес қосқан Садық Байымбетовке табыс етілді.

«Қазақстан халқынан» сыйлығы мен стелласы 202 жылы «Қазақстан халқына» қоры тарапынан тағайындалған. Ол елімізде қайырымдылық идеяларын дамытуға және ілгерілетуге елеулі үлес қосқан адамдар мен ұйымдарға беріледі. Жүрек пен бионикалық қол бейнесі қайырымдылықтың ғылым, жаңа технологиялар мен өнертабыстармен байланысын көрсетіп, адамдардың тағдырын жақсартуға, арманын орындауға және мәңгілік құндылықтарды нығайтуға болатынын білдіреді. «Қазақстан халқынан» атауы «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының атауымен үндес, қайырымдылық жасаушылар, қорлар мен көмек алушылар арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.

Өнер сарайының фойесінде өткен «Қазақстан халқына» қорының жобалар көрме-жәрмеңкесі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бастамаларды біріктірді. Қонақтарға жаңа жабдық қана емес, өзгерістердің нақты нәтижелері көрсетілді: STEM жобалары, робототехника, оқушылардың шығармашылық жұмыстары, инженерлік макеттер, 3D-модельдер, суреттер мен қолданбалы өнер туындылары. Келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, өз қолымен тәжірибе жасай алды. Өнер сарайының алдында «QH Денсаулық жолы» жобасы аясында КТ, маммограф және УДЗ құрылғыларымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер орналастырылды. Көрме стендтерінде «Ақ жол-М» және «QH Оңалту орталықтары» оңалту орталықтарының тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту құралдары, сондай-ақ жастарға берілетін заманауи протез үлгілері көрсетілді.

IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы Қордың үш жылдық жұмысының қорытындысы ғана емес, Қазақстанда тұрақтылыққа, әріптестікке және мұраға негізделген қайырымдылық мәдениетін нығайтудағы жаңа белес болды.