Қазақстан хоккейшілері Олимпиаданың қола жүлдегері атанды
Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама Канвон Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жүлде жолындағы матчта біздің өрендер Аустрия құрамасынан басым түсті. Есеп: 6:5 (4:1, 1:2, 1:2).
Осы тұста Қазақстан мен Аустрия бірнеше күн бұрын топтық кезеңде ойнап, аса тартысты кездесу 8:9 есебімен Еуропадан келген команданың пайдасына аяқталғанын айта кетейік.
Канвондағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына келген Ұлттық құрама: Темірлан Айболұлы, Бексұлтан Мақыш, Арсений Кучковский, Әділхан Саттар, Никита Кулаков, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Арман Төлен, Жахангир Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Әнуар Ахметжанов.
Бәсекенің бас жүлдесі үшін біраздан соң Латвия мен Дания хоккейшілері күш сынасады.
Бұл Қазақстан делегациясының қоржынына түскен 3-медаль. Осыған дейін Канвондода шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных алтыннан алқа тақса, шорт-трекші Полина Омельчук 1000 метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді.
Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 14-сатыға көтерілді.
Азия құрлығында алғаш рет өтіп жатқан кешенді жарыс қазірдің өзінде Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Осыған дейінгі ойындарда отандастарымыз чемпион атанбаған еді. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.