Қазақстан мен Болгарияның құзыретті органдары Меморандумға қол қойды

София қ. (Болгария) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен Болгария Республикасының Заңсыз иемденілген мүлікті алып қою жөніндегі комиссиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою ресми рәсімі өтті.

Бұл іс-шара Болгария Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Комитеттің бастамасы бойынша ұйымдастырылды және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған.

Тараптар өзара іс-қимылды белсенді дамытуға ниетті екендіктерін білдіріп, ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, сондай-ақ активтерді іздеу, анықтау, тыйым салу және қайтару саласындағы тәжірибе алмасудың негізгі мәселелерін атап өтті.

Меморандумды жүзеге асыру мақсатында сапар барысында екі ведомство делегацияларының алғашқы ресми екіжақты кездесуі өткізілді.

Болгария тарабы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар нәтижесінде алынған активтерді анықтау, қадағалау және басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

Комитет төрағасы өз кезегінде Қазақстанда қолданылатын активтерді қайтару тетіктері мен тәсілдері туралы айтып берді, сондай-ақ қайтарылған қаражатты елдің дамуы үшін пайдаланудың нақты мысалдарын келтіре отырып, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері туралы хабардар етті.

Сондай-ақ  Комитет бұған дейін Болгарияның Жаңа Университетімен ведомство қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы Меморандум жасасқанын атап өткен жөн.

Оны іске асыру аясында Комитет пен Университет өкілдері заң үстемдігін, оның ішінде активтерді қайтару саласындағы ғылыми зерттеулер негізінде консультациялық қызметтер көрсету және оқытуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз ету жөніндегі келесі қадамдарды талқылады.

Осындай екіжақты құжаттарға қол қою заңсыз баюға қарсы күресте халықаралық күш-жігерді біріктіру үшін берік негіз қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті