Қазақстан мен ЕО көпжақты форматтарда ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Алешка Симкичпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, көпжақты күн тәртібі мәселелері бойынша пікір алмасылды. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымындағы (ICAO) ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға деген ортақ ұмтылыс аталып өтті, сондай-ақ халықаралық аренада бірлескен бастамаларды ілгерілету бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайындық білдірілді.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) – авиацияның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы саласындағы халықаралық стандарттарды әзірлейтін БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі