Қазақстан мен ЕО практикалық серіктестікті әртараптандыруда

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеламен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында көлік және логистика, стратегиялық шикізат материалдары, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі, ғарыш және басқа да екіжақты әрі өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттарында нақты жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы 29 өзара іс-қимыл саласын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азияға қатысты стратегиясын іске асыруды қолдады.

Келіссөздер ҚР СІМ басшысының төрағалығымен және Қазақстанның түрлі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының басшылығының қатысуымен Еуроодақтың «Global Gateway» бастамасы аясында өзара тиімді жобаларды талқылау үшін «дөңгелек үстел» форматында өтті. 300 миллиард еуро бюджеті бар бұл бастама орнықты даму мен өзара байланыстылық талаптарына сәйкес келетін инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге бағытталған.

«Қазақстан Еуропалық одақпен серіктестікті одан әрі дамытуға бейілді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Астана мен Брюссель тығыз саяси диалог орнатты, атқарушы билік органдары арасында қарқынды ынтымақтастықты жолға қойды, ал біздің халықтарымыз мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуда», – деп атап өтті министр.

Мемлекеттік органдардың өкілдері еуропалық делегацияның назарына екі тарап арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасыл экономиканы дамыту бастамаларын ілгерілетуге ықпал ететін әлеуетті салалар мен жобаларды ұсынды.

Келіссөздер барысында Қазақстан, Орталық Азия және ЕО арасындағы өзара байланыстылықты күшейтуге арналған көлік дәліздерін жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту басым бағыт ретінде қарастырылды.

«Қазақстанның стратегиялық серіктесіміз ретіндегі рөлі біз үшін өте маңызды. Біз екі өңір үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатын, тұрақты өсуді, экономикалық қауіпсіздікті және орнықты болашақты қамтамасыз ететін өзара тиімді нәтижелерге ұмтыламыз», – деп атап өтті Еурокомиссар.

Тараптар инклюзивті әрі орнықты экономикалық өсуді, инновациялық дамуды нығайтуға және жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешуге ықпал ететін ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін білдірді.

Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі екі құжатқа – Еуропалық инвестициялық банк тарапынан Қазақстан даму банкіне 200 млн еуро көлемінде несие кепілдіктерін беру туралы келісімге және Еуропалық одақ пен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы Қазақстан мен Орталық Азиядағы стратегиялық шикізат материалдары саласындағы жобаларды дамытуға 3 млн еуро бөлу туралы келісімге қол қойылуы болды.

Сонымен қатар Й.Сикела іскерлік қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізіп, Еуропалық одақтың экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және инвестициялық серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады.

Еуропалық одақ – Қазақстан Республикасының негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның экспорты – 38,6 млрд долл., импорты – 11,1 млрд долл. 2005 жылдан бастап 2024 жылдың 9 айына дейін ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200,7 млрд доллар құрады, бұл Қазақстанға тартылған барлық тікелей инвестициялардың 47,8%-ына тең (419,5 млрд долл.). 2024 жылдың 9 айында Қазақстанға тартылған ЕО елдерінің тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 6,4 млрд доллар немесе жалпы көрсеткіштің 50,4%-ын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

Telegram-канал: Қазақстан мен ЕО практикалық серіктестікті әртараптандыруда