Қазақстан мен Франция Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар құжатқа қол қойды

Астанада өткен қазақстан-француз бизнес-форумы шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, Францияның сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары істері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартеннің, сондай-ақ Sanofi, Servier, Meridiam, Ellipse Projects, Scaleo, C3Medical секілді француз компаниялары өкілдерінің қатысуымен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Форум алаңында фармацевтикалық өндірісті дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, инфрақұрылымды нығайту мен техникалық жарақтандыру, медицина қызметкерлеріне арналған тағылымдамалар өткізу және бірлескен білім беру іс-шараларын ұйымдастыру салаларында келісімдер жасалды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Sanofi компаниясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум фармацевтикалық өндіріс пен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты көздейді. Осындай мазмұндағы тағы бір құжат Servier компаниясымен инновациялық дәрілік заттарға қолжетімділік мәселелері бойынша жасалды.
Денсаулық сақтау министрлігі, Францияның Даму агенттігі және Францияның халықаралық техникалық сараптама агенттігі арасындағы келісім инфрақұрылым және техникалық көмек саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
C3 Medical компаниясымен жасалған меморандум онкологиялық скрининг және телемедицина саласындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Мамандарды даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Астана медицина университеті Францияның Жоғары психомоторлық оңалту институтымен меморандумға қол қойды, ал Paris-Saclay университеті Астана және Қарағанды медицина университеттерімен ғылыми-білім беру ынтымақтастығы жөнінде екі құжатқа қол қойды. Бұл құжаттар академиялық алмасу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу, тағылымдамалар өткізу және бірлескен білім беру іс-шараларын көздейді.
Тараптар қол жеткізілген барлық келісімдердің іске асырылуына бейілділіктерін растады және екіжақты әрі көпжақты форматта жүйелі және мазмұнды жұмыс жүргізуге дайын екендерін білдірді. А. Әлназарованың айтуынша, Қазақстан-Франция бизнес-форумының өткізілуі ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды қадамы болып, ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған бірлескен бастамаларды әзірлеу мен іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Француз Республикасы көптеген жылдар бойы Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып келетінін, ал медицина және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық екіжақты қатынастар күн тәртібінде маңызды орын алатынын айта кету керек.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі