Қазақстан мен Қырғызстан АЖ/ТҚҚ мамандарының білімі мен біліктілігін арттыру бойынша ынтымақтастықты нығайтады
Санья қаласында (ҚХР) өтіп жатқан ЕАТ 39-пленарлық отырысы аясында «AML Academy» Қаржы мониторингі академиясының басшылығы мен Қырғызстан Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік қаржылық барлау қызметінің Оқу орталығы арасындағы екіжақты кездесу өтті.
Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, оның негізгі мақсаты білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және серіктестік орнату.
Екі елдің өкілдері алдағы кезеңге бірлескен білім беру іс-шараларын және ғылыми зерттеулерді, тағылымдамадан өтуді, оның ішінде Тараптардың білім беру және ғылыми қызметі туралы ақпарат алу үшін оқу сапарларын өткізудегі одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын анықтады.
Сондай-ақ, елдер арасында Тараптар өткізетін халықаралық симпозиумдарға, коллоквиумдарға, конференцияларға, шеберлік сабақтарына, тренингтер мен семинарларға қатысуға, білім беру үдерісін ұйымдастыру мен жүзеге асыруда тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру қарастырылған.
Меморандум екі елдің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы мамандар мен практиктердің кадрлық әлеуетін дамыту және жетілдіру үшін сенімді негіз болуға бағытталғаны атап өтілді.