Қазақстан мен Малайзия арасындағы туристік әлеует арттып келеді
Қазақстан әуе көкжиегін кеңейту бағытында бірқатар жұмыстарды атқарып жатыр. Осы орайда, әлем деңгейінде жетекші рөл атқаратын әуе тасымалдаушы компаниялардың бірі – Air Asia ынтымақтасып, бірлескен жұмыс туралы келіссөздер жүргізді.
Айта кету керек, аталмыш әуе бағытының елімізде іске қосылуы арқасында билеттердің бағасы қолжетімді болады деп күтілуде. Оның үстіне тікелей рейстердің ұлғаюы елімізге келетін туристердің де ауқымын кеңейтері анық.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Air Asia Х авиакомпаниясының бас директоры Беньямин бин Исмаил басқарған компания өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту перспективаларын, жолаушылар ағынын арттыру жоспарларын және туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды талқылады.
«Тікелей рейстер туристер үшін қолайлы ғана емес, елімізге шетелдік туристердің көптеп келуіне жағдай жасайды. Жанама түрде экономикалық-әлеуметтік деңгейдің өсуіне ықпал етеді Сонымен қатар туристер санының артуына, туризм географиясын кеңейтуге және туристік бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды»,— деді Еркінбаев. Оның айтуынша, тікелей рейстердің ашылуы әзірге тек бірінші кезең.
Дегенмен Air Asia-ның әртүрлі құрылымдарымен келіссөздер 2018 жылдан басталған болатын. Air Asia Х басшылығы бұған дейін Routes Silk Road аясында Астанаға келген.
«Өткен жылдан бастап біз авиакомпанияның осы бағыттағы тікелей рейстерді ашуына берген өтінімін белсенді сүйемелдедік. Бұдан әрі бірлескен күш-жігермен туристер ағынын арттыру мақсатында маркетингтік науқанды бастау жоспарлануда. Мәселен, елімізге келетін туристер ауқымын Малайзия, Сингапур, Индонезия, Тайланд сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне дейін кеңейтеміз деп отырмыз. Өйткені оларға қатысты визасыз режим бар, туристерге әлдеқайда оңай болады» — деп қосты «Kazakh Tourism» АҚ төрағасы Қайрат Сәдуақасов.
Әуе рейстері екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда шешуші рөл атқарады. Олар іскерлік келіссөздерді жеңілдетеді, сауда мен инвестицияны ынталандырады. Ашылатын рейстер контекстінде бизнес-туризм ағынының артуы күтілуде, бұл тәжірибе мен білім алмасуға ықпал етіп, инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Өз кезегінде Air Asia өкілдері Airbus A330 типті әуе кемелерінде Куала-Лумпур мен Алматы арасында аптасына төрт мәрте жиілігімен тікелей рейстерді іске қосу ниетін жариялады.
Бұл қадам екі ел арасындағы туристік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлады авиакомпания.