Қазақстан мен Ұлыбритания консулдық консультацияларды өткізді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Ұлыбритания арасында консулдық консультациялар өтті.
Кездесу барысында ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков және Ұлыбритания СІМ Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша жаңадан тағайындалған Өңірлік консулдық директоры Луиза Эллис екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, визалық және көші-қон рәсімдерін жетілдіруді қоса алғанда, кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінде уақытша жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
А. Аубеков британдық әріптесін Қазақстанға жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділерді тарту мақсатында жасалған шаралар туралы хабарландырды. Осы тұрғыда шетелдік азаматтар үшін Қазақстанда ұзақ мерзімді болу және жұмыс істеу үшін жаңа мүмкіндіктер беретін «Neo Nomad Visa» және «Digital Nomad Visa» туралы ақпарат берілді.
Тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, әріптестікті одан әрі нығайтуға дайындығын білдірді. Консультациялар нәтижесінде күн тәртібіндегі ағымдағы және өзекті мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі