Қазақстан мен VEON цифрландыру саласындағы серіктестікті тереңдету мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров халықаралық телекоммуникациялық «VEON» тобының директорлар кеңесінің кездесуіне қатысты. Тараптар Қазақстандағы инвестициялық ахуалды және цифрландыру мен телекоммуникация салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Ә.Қуантыров цифрлық сектордың Қазақстан үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «VEON» компаниясына алғыс білдірді.

«Қазақстан экономиканың цифрлық трансформациясына баса назар аударып отыр және біз тәжірибесі, технологиясы мен ауқымы бар халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. VEON – осындай серіктестердің бірі: компания Beeline Kazakhstan-ның дамуына елеулі инвестициялар салды, ИКТ саласындағы ең ірі жеке инвесторлардың бірі болды. Біз бұл серіктестікті әрі қарай кеңейтуге – қалаларда да, ауылдық жерлерде де – зор әлеует бар деп санаймыз. Жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолдауға дайынбыз, оның ішінде 5G енгізу, деректер орталықтарын және цифрлық платформаларды дамыту», – деді ол.

Министрдің орынбасары сондай-ақ VEON-ның Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі ретінде елдің цифрлық экожүйесін дамытудағы сенімді серіктес екенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар цифрлық технологиялар, инновациялар және инвестициялық қызмет салаларында ынтымақтастықты жалғастыруға және жаңа бағыттарды бірлесе зерттеуге өзара мүдделілік бар екенін растады.

Дубайда штаб-пәтері орналасқан «VEON» компаниясы – алты елде 150 миллионнан астам клиентке қызмет көрсететін жетекші халықаралық телекоммуникациялық топтардың бірі. Қазақстанда «VEON» компаниясы «Beeline Kazakhstan» еншілес ұйымы арқылы қызмет етуде және елдегі цифрлық трансформацияның белсенді қатысушысы.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі