Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі делегациясының АҚШ-қа сапары: стратегиялық диалог және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

2025 жылдың 12–17 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Вице-министрі Сұңғат Қуатұлы Есімханов бастаған делегациясы энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және озық технологиялық шешімдерді зерделеу мақсатында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына Қазақстанның ірі энергетикалық компаниялары – «КЕГОК» АҚ, «Орталық-Азия Электрэнергетикалық Корпорациясы» АҚ, «Энергоинвест ЛТД» ЖШС, «ККС» ЖШС және «Renewable Energy of Qazakhstan» ЖШС өкілдері енді.
Сапар аясындағы негізгі іс-шара Сан-Франциско қаласында өткен “USA–EURASIA Energy and Environment Forum” форумына қатысу болды. Вице-министр С. Есімханов Қазақстанның орнықты энергетика, декарбонизация және энергия жүйесін жаңғырту саласындағы басымдықтары жөнінде баяндама жасап, трансұлттық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. Форум аясында «КЕГОК» АҚ басқарушы директоры А. Саухимов пен «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Б. Орал қатысқан панельдік сессиялар өтті. Онда энергетикалық ауысу кезеңінің сын-қатерлері және Еуразияның жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі рөлі талқыланды.
Сапар барысында делегация Стэнфорд университетінің жанындағы Precourt энергетикалық зерттеулер институтында болды. Мұнда институттың жетекші профессорлары энергияны сақтау, желінің тұрақтылығы және жаңартылатын энергия көздері бойынша инновациялық шешімдер жөнінде баяндамалар жасады. Қазақстан тарапынан ҚР Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті директорының орынбасары Ж. Шөгелбаев пен «КЕГОК» АҚ басқарушы директоры А. Саухимов ЖЭК пен зияткерлік энергия желілерін дамыту жөніндегі ұлттық бастамаларды таныстырды. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Стэнфорд университеті арасындағы ғылыми және білім беру салаларындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар, Сан-Франциско қаласының мэрі Дэниэл Луримен кездесу өтті. Тараптар қалалық энергия кешенін дамыту, экологиялық шешімдер мен цифрлық технологияларды қолдану перспективаларын қарастырды. Делегация мүшелері мен қала басшылығы төменкөміртекті технологияларды қалалық ортаға енгізу және орнықты энергиямен қамту салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Сапар аясында Tesla компаниясының өндірістік алаңдарына бару ерекше қызығушылық тудырды. Қазақстан делегациясы энергияны жинақтау жүйелеріне арналған жабдықты өндіру үдерісімен танысты. Қазақстан қажеттіліктеріне арналған жабдықтарды жеткізу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері бойынша келіссөздер жүргізілді.
Сондай-ақ PEAK ENERGY компаниясымен кездесу өтті. Компания электр энергиясын сақтау және тарату технологияларына маманданған. Кездесу барысында Қазақстандағы энергетикалық жобаларда компания өнімдерін пайдалану мен жергіліктендіру перспективалары талқыланды.
Сапар шеңберінде Кремний алқабындағы трансшекаралық инновациялық жобалар мен стартаптарды қолдауға арналған Silkroad Innovation Hub компаниясымен кездесу өтті. Қазақстан делегациясы компанияның жұмыс бағыттарымен танысып, Қазақстанда перспективалы энергетикалық шешімдерді іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың соңғы күні делегация Калифорния штатының тәуелсіз жүйелік операторы (CAISO) кеңсесінде болды. Мұнда электр энергетикалық жүйелерді басқаруда қолданылатын озық цифрлық технологиялар, ашық энергия нарығының жұмыс принциптері және ЖЭК интеграциясы таныстырылды. Тараптар икемді әрі орнықты энергетикалық жүйені дамытуға қатысты тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Аталған сапар Қазақстанның энергетика саласындағы халықаралық байланыстарын нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, АҚШ-тың жетекші ғылыми және өнеркәсіптік орталықтарымен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарына негіз қалады.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі