Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Марапат түрлері» таныстырылды

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Марапат түрлері (Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде)» көрмесін ашты.

Фалеристика – мемлекеттік және қоғамдық марапаттар құрамына кіретін ордендер мен медальдар, алуан түрлі төсбелгілер (құрметті, мерейтойлық, мекемелік, кәдесыйлық, корпоративтік, оқу орындарын бітіру) және оларды растайтын құжаттарды зерттейтін тарих ғылымдарының бір саласы.

Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон ашып, марапат белгілері және олардың басқа да түрлері мемлекет азаматтарының саяси-экономикалық, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи-мәдени және түрлі ғылым бағыттарында жеткен жетістіктерін, яғни белгілі бір саладағы адамның айырықша қызметі, көзсіз батырлығы мен ерен ерлігі сынды қасиеттерін елдік тұрғыдан бағалайтын ресми нышан екінін айта келіп, көрменің мән-маңызына тоқталды.

Сонымен қатар, әскери зейнеткер, педагог Асқар Әбдіманапұлы, Ауған соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Жұмат Құдайбергенұлы, «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айбын орденінің иегері» Байдәулет Құрманқожаұлы, «Айбын» әскери-патриоттық ұйымының жетекшісі Еркебұлан Жақсылықұлы шараға арнайы қатысып, көпшілікті еліміздің ең айшықты мерекесі Республика күнімен құттықтады.

Көрмедегі экспонаттардың негізгі денін патшалық Ресей (XIX ғ.), Кеңестер Одағы (XX ғ.), тәуелсіз Қазақстан Республикасы (XX-XXI ғғ.) кезеңдеріне жататын жәдігерлер қамтыды. Атап айтқанда, сол кезеңдердегі мемлекеттік, қоғамдық және әскери қызметтердің жетістіктері мен ерліктері жайын таныстыру мақсатында ҚР МОМ қорындағы ордендер мен медальдар топтамасының түпнұсқалары, түрлі құжаттар мен фотосуреттері қойылды.

Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, көрмедегі музейдің фалеристикалық коллекция құрамы ішінен шетелдік көне марапаттың бір түрін ерекше атап өткен жөн. Бұл – 1655 жылы Амстердамдағы жаңа ратушаның ашылу құрметіне орай шығарылған естелік медаль.   1801 жылы І Александр патша жарлығымен өкіметке әртүрлі қызмет көрсеткен азаматтарды марапаттау үшін шығарылған «За усердие» белгісі, 1820 жылы Орта жүз старшинасы Бәйтенге 12 дәрежелі шенеунік атағын беру туралы І Александр патша Жарлығы түпнұсқасының, 1836 жылы сұлтандар Санәли Мырзағалиевті алтын медальмен, Бекбатыр Қалқамановты күміс медальмен марапаттау куәлігі көшірмелерінің, ІІ Николай патшаның Жетісу казак әскерлерін Георгий крестімен марапаттау Жарлығының, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында марапат алғандар жөніндегі тарихи материалдардың алар орны бөлек.

XIX ғасырдың аяғында қолданыста болған лауазымдық белгілер Ресей құрамындағы қазақ билік жүйесі өкілдерінің саяси-әлеуметтік ахуалынан мол хабар береді. Музей қорындағы олардың басым көпшілігі Ресей патшалығы тарапынан 1886 жылдың 12 маусымындағы «Түркістан өлкесін басқару ережесіне» және 1891 жылдың 25 наурызындағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару ережесіне» сәйкес болыстарға, ауыл старшындарына, сот билеріне арналып шығарылған лауазымдық белгілер.

Музей қорындағы фалеристикалық материалдардың көлемді бөлігі – Кеңестер Одағының мемлекеттік марапаттары. Ордендер мен медальдар, төсбелгілер деген атаумен бөліп қойылған экспонаттар КСРО азаматтарының түрлі соғыс жылдарындағы, еңбек жолындағы, социалистік Отанды қорғаудағы, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы, мемлекет және қоғам алдындағы ерекше қызметтерінің айғағы.

Көрме төрінен арнайы орын берілген экспонаттардың бір бөлігі – қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары. Ең жоғары дәрежедегі ерекшелік белгілер санатындағы «Халық қаһарманы» құрметті атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін»,  «Ерен еңбегі үшін»,  «Шапағат» медальдары және басқа да түрлі белгілер көрменің терең тарихи тағылымы және тәлім-тәрбиелік мазмұнын аша түсті.