Қазақстан Шанхайдағы Қытай халықаралық импорт көрмесінде $120 млн-ға келісімшарт жасады
Қазақстан үшін Шанхайдағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) табысты болды. Ет және май өнімдерін, құрғақ түйе сүтін, шырындар мен мармеладтарды жеткізуге 120 млн АҚШ доллары сомасына келісімшартқа қол қойды. Ал өткен жылғы көрмеде жасалған келісімшарттардың сомасы 81 млн АҚШ долларын құраған еді.
Ағымдағы жылдың 5-10 қараша аралығында өткен іс-шара Қазақстанның Қытаймен және басқа да елдермен сауда-экономикалық байланыстарын нығайтудағы маңызды қадам болды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade ССДО» АҚ ұйымдастыруымен отандық бизнес Шанхай көрмесіне қатысуға мүмкіндік алды.
Негізгі инновациялардың бірі TikTok платформасында қазақстандық өнімдерді онлайн-сатудың ашылуы болды. Қытайлық Jiangsu Soho Holding Group Co., Ltd компаниясымен әріптестікте бүкіл әлемнен келген көрермендерге Қазақстаннан жеткізілген тауарлар ассортиментімен танысуға және оларды нақты уақытта сатып алуға мүмкіндік беретін стриминг өткізілді. Онлайн-сату барысында екі күнде 450 мың юань сомасына өнім сатылды.
Қазақстандық CEREBRA AI және Alaqan AI компаниялары 2024 жылы Орталық Азияда шағын және орта бизнеске арналған инновациялар мен кәсіпкерліктің «Maker in China» жаһандық байқауының өңірлік финалында бірінші және екінші орындарды иеленді.
Көрме аясында бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қойылды. Туристік бағыттарды дамытуға және Түркістан облысына туристер ағынын ұлғайтуға бағытталған Түркістан облысының Туризм басқармасы мен Бахрейн Корольдігінің Export Bahrain компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол жеткізілді. Сондай-ақ Қырғызстанның Nomad Art компаниясымен екі ел арасындағы мәдени және туристік алмасуға жәрдемдесетін келісім жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, Шанхай көрмесінде Қазақстан екі ұлттық стендпен таныстырылды: Коммерциялық және Ұлттық павильондар қойылды. Көлемі 132 шаршы метрді құрайтын Ұлттық павильонда қазақстандық экспортты ілгерілетуге ықпал ететін өнімдер мен қызметтер ұсынылды. Биыл коммерциялық павильонның ауданы 120-дан 260 шаршы метрге дейін ұлғайтылды; «Тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі» секторына 50-ге жуық қазақстандық өндірушілер қатысты.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі
Олжас Бектенов Шанхайда өткен VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылуына қатысты