Қазақстан СІМ басшысы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысы қарсаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ЭЫҰ Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесті.

Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты күшейту сияқты мәселелерді талқылады.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ҚР-дың 2025 жылы ЭЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде төрағалық етуінің негізгі басымдықтарын егжей-тегжейлі талқылап, өңір үшін үлкен әлеуеті бар ұйыммен стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Бас хатшы А. Хан күн тәртібін нақты мазмұнмен толықтыратын ұйымдағы Қазақстанның белсенді рөлі мен бастамаларын атап өтті.

Кездесу барысында мәдени және білім беру байланыстарын нығайту, экологиялық тұрақтылықты дамыту, климаттың өзгеруі және энергетикалық қауіпсіздік сияқты жаһандық сын-қатерлерді еңсеру бойынша бірлескен күш-жігер мәселелері де талқыланды.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылды. Мүше мемлекеттер – Орталық Азияның, Таяу Шығыстың және Оңтүстік Кавказдың 10 елі. Ұйымның мақсаты – экономика, сауда, көлік, экология және гуманитарлық ынтымақтастық сияқты салалардағы күш-жігерді үйлестіру арқылы аймақтағы экономикалық дамуға ықпал ету.