Қазақстан СІМ басшысы Еуропа Кеңесінің Бас хатшысымен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен кездесу өткізді. Кездесу еуропалық саясаткердің пленарлық сессияда спикер ретінде сөз сөйлеуі үшін Астана халықаралық форумына қатысуы аясында өтті.

Тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасында адам құқықтарын қорғау, азаматтық қоғамды дамыту, демократияландыру және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету сынды негізгі салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

«Еуропа Кеңесі мен Қазақстан арасындағы 2019-2023 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңа басымдықтарының» жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды. Қол жеткізілген нәтижелер жоғары бағаланып, 2024-2027 жылдарға арналған келесі кезең шеңберінде – экономикалық қылмыстарға қарсы күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен тиімділігін нығайту, сондай-ақ БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне басымдық бере отыра бірлескен жұмысты белсенді түрде жалғастыруға дайындық білдірілді.

Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, шетелдік дипломатиялық корпус және халықаралық серіктестерінің қатысуымен Астана халықаралық форумының аясында ұйымдастырылған Еуропа Кеңесінің арнайы сайд-ивентінде таныстырылды.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы 20 жылдық ынтымақтастықты оң бағалап, парламенттік құрылымдар арасындағы сындарлы іс-қимылды атап өтті.

Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды құру аясында жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйелі реформалардың барысы туралы Бас хатшыны хабардар етті. Осыған байланысты М.Нұртілеу Еуропа Кеңесінің көрсетіп отырған практикалық қолдауы үшін ризашылық білдірді.

Өз кезегінде А.Берсе Астана халықаралық форумына шақырғаны үшін алғыс білдіріп, Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады және еліміздегі институционалдық реформаларды ілгерілетуге қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі