Қазақстан спортшыларының жазғы олимпия ойындарындағы жетістігі
Қазақстан спортшылары тәуелсіз мемлекет ретінде бүгінге дейін жеті рет (1996-2020 жылдары) жазғы Олимпиадаға қатысып, жалпы жиынтығы 71 медаль, оның ішінде 14 алтын, 21 күміс және 36 қола медаль жеңіп алды. Бұл толағай табыстың барлығы ел тәуелсіздігінің және мемлекеттің спортты дамытуға деген сындарлы саясатының, қолдауының арқасында келгені жасырын емес.
Атланта-1996: Ел спортшыларының Олимпиададағы тұсауы ең алғаш рет 1996 жылы мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған Атланта (АҚШ) аламанынан басталды. Төртжылдықтың басты додасына тұңғыш рет дербес ел ретінде қатысқан бұл жарыста 96 спортшымыз бақ сынады. Олимпиадада Қазақстанның көк туын алғаш рет даңқты боксшы Ермахан Ыбрайымов ұстап шығып, АҚШ-тан қола жүлдемен оралды. Ал боксшы Василий Жиров, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко жəне бессайысшы Александр Парыгин Олимпиада чемпионы атанды. «Балқаш барысы» Василий Жиров үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогіне лайық деп танылды.
Сидней-2000: «Жасыл құрлықта» өткен ХХVІІ жазғы Олимпия ойындарында еліміздің 130 спортшысы сайыс алаңына шығып, спорттың 17 түрінен бақ сынады. Нəтижесінде, жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс медаль олжалап, бейресми жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Қатарынан екінші Олимпиадада көк байрақты ұстап шыққан Ермахан Ыбрайымов бұл жолы алтын тұғырға көтерілді. Сондай-ақ жеңілатлет Ольга Шишигина мен боксшы Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанды.
Афины-2004: Олимпиада отанында жалауы желбіреген байрақты додада ел намысын 119 спортшы спорттың 17 түрінен қорғады. Жарыстың соңғы күнінде боксшы Бақтияр Артаев кубалық қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлдемен барша қазақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөледі. Сонымен қатар Артаев үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогін жеңіп алды.
Бейжің-2008: Қытайдағы ХХІХ жазғы Олимпиадаға еліміз спорттың 22 түрінен 132 спортшысы қосты. 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған Қазақ елі жалпыкомандалық есепте ТОП-30 құраманың қатарынан табылды. Бейжіңдегі бәсекеде боксшы Бақыт Сəрсекбаев пен ауыратлет Алла Важенина жеңіс тұғырынан қол бұлғады.
Лондон-2012: Тұманды Альбиондағы Олимпиадада Қазақстанның 107 спортшысы сайыстың 27 түрінен ел намысын қорғады. Алтын медаль көрсеткіші бойынша отандастарымыз Атлантадағы жетістікті қайталап, Лондон төрінде Әнұранымызды үш мәрте шырқатты. Олар: даңқты велошабандоз Александр Винокуров, жеңілатлет – Ольга Рыпаков және боксшы Серік Сəпиев. С.Сәпиев Лондонда Олимпиада чемпионы атанып қана қомай, «Вэл Баркер» кубогін иеленді.
Рио-2016: Рио Олимпиадасында 104 отандасымыз спорттың 17 түрінен бақ сынап, 17 медаль (2 алтын, 5 күміс жəне 10 қола) жеңіп алды. Осы көрсеткіштің нәтижесінде Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша өзінің жеке рекордын орнатты. Рио төрінде боксшы Данияр Елеусінов пен жүзуден Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды.
Токио-2020: Күншығыс елінде алауы тұтанған Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапынан 93 спортшы бақ сынап, жалпы саны 8 қола медаль жеңіп алды. Бұл додада жерлестеріміз спорттың 19 түрінен жүлделерге таласып көрген-ді.