Қазақстан Сыртқы істер министрі «Azizi Group» басшылығымен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу әмірлік «Azizi Group» компаниясының төрағасы Мирваис Азизимен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Сұхбат барысында министр шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және туризмді дамыту бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, елдің түрлі өңірлерінде қонақ үйлер мен туристік нысандар салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек Ауғанстандағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде сауда мен логистиканы кеңейту мақсатында «Azizi Group» компаниясының банктерін («AZIZI Bank» және «Islamic Bank of Afghanistan») пайдалану мүмкіндігін талқылады.
«Azizi Group» – жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, қонақ үй бизнесі, инвестиция, капиталды басқару, қайырымдылық және қаржы (Ауғанстанда) салаларында жұмыс істейтін Дубайдағы жетекші девелоперлік компаниялардың бірі.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі