Қазақстан Сыртқы істер министрі «CITIC Construction» компаниясының басшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қытайлық «CITIC Construction» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Цзяньцянмен кездесті.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде «Орталық – Батыс» автожолын салу және жаңарту жобасына компанияның қатысу перспективаларын талқылады. Тиісті меморандумға қол қою ағымдағы жылдың мамыр айында «CITIC Group» басшылығының Қазақстанға сапары барысында күтілуде.
CITIC және Қазақстан: тұрақты болашақ үшін серіктестік
Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі, дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеу бойынша жобаларға, сондай-ақ мал фермалары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысына инвестициялар тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар сұхбаттастар түсті металдарды игеру және қайта өңдеу бойынша бастамаларды талқылады. Қазақ тарапы компания жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«CITIC Construction» – халықаралық инфрақұрылымдық және инженерлік жобаларға маманданған «CITIC Group» қытайлық мемлекеттік корпорациясының еншілес құрылымы. 2010 жылдан бастап компания Қазақстанда көліктік, энергетикалық, агроөнеркәсіптік және тау-кен өндіру салаларында ауқымды жобаларды іске асыра отырып, белсенді қызмет жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі