Қазақстан цифрлық мемлекетті қалай құрмақ?

Бүгінде мемлекеттердің дамуы тек табиғи байлықпен немесе өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Қазіргі заманда елдің қуатын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – цифрландыру деңгейі. Яғни, мемлекеттік қызметтердің қаншалықты жылдам, ашық әрі қолжетімді екені. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан да соңғы жылдары цифрлық мемлекет құру бағытын белсенді қолға алып келеді.

Электронды үкіметтен басталған жол

Қазақстанда цифрландыру ең алдымен мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудан басталды. Электронды үкімет жобасы сәтті жүзеге асырылып, көпшіліктің көңілінен шықты. Соның арқасында көптеген қызметтер электронды форматқа көшірілді. Бүгінде анықтама алу, айыппұл төлеу, баланы балабақшаға тіркеу немесе түрлі мемлекеттік қызметтерге өтініш беру сияқты рәсімдерді интернет арқылы үйден шықпай-ақ орындауға болады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, бұрынғыдай ұзын-сонар кезектер мен артық қағазбастылықты азайтты.

Цифрлық қызметтердің енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға да әсер етті. Сарапшылардың айтуынша, электронды қызметтер адамның тікелей араласуын азайтып, кейбір бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, цифрландыру барлық өңірде бірдей деңгейде дамып жатыр деуге болмайды. Ірі қалаларда интернет пен цифрлық қызметтер қолжетімді болғанымен, кейбір ауылдық аймақтарда, тіпті аудан орталықтарында байланыс сапасы әлі де әлсіз. Сондықтан алдағы жылдары Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі – аймақтардағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту, интернет сапасын жақсарту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.

Сонымен қатар, елімізде IT саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Технологиялық стартаптарды қолдау, цифрлық платформаларды дамыту және жасанды интеллект элементтерін енгізу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Бұл шаралар цифрлық экономиканың үлесін арттырып, елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Әлем тәжірибесі қандай?

Әлемнің бірқатар дамыған елдері цифрландыруды әлдеқайда ертерек қолға алып, бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Мысалы, Жапония мен Оңтүстік Корея цифрлық технологияларды қоғамның барлық саласына енгізіп үлгерген мемлекеттердің қатарында. Бұл елдерде мемлекеттік қызметтердің көпшілігі онлайн форматта көрсетіледі, ал жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелері күнделікті басқару процесіне белсенді енгізіліп жатыр. «Ақылды қалалар» адамзат игілігіне қызмет етуде.

Оңтүстік Кореяда азаматтардың көптеген деректері бірыңғай цифрлық жүйеде сақталады. Соның арқасында тұрғындар көптеген қызметті қосымша құжат жинамай-ақ ала алады. Ал Жапония цифрлық технологияларды тек мемлекеттік қызметте ғана емес, өндіріс, көлік және қалалық инфрақұрылым жүйесінде де кеңінен пайдаланып отыр.

Сингапур да цифрландыру саласында ерекше үлгі көрсетіп отырған мемлекеттердің бірі. Бұл елде «ақылды мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып, қала өмірінің көптеген саласы цифрлық технологиялар арқылы басқарылып келеді. Көлік қозғалысын реттеу, қауіпсіздік жүйелері және коммуналдық қызметтердің бір бөлігі автоматтандырылған.

АҚШ пен Еуропа елдері цифрландыру барысында деректер қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән береді. АҚШ-та цифрлық даму көбіне ірі технологиялық компаниялар мен инновациялық жобалар арқылы жүзеге асса, Еуропа елдері мемлекеттік жүйелердің цифрлық қауіпсіздігі мен дербес деректерді қорғау мәселесіне басымдық беріп отыр. Мысалы, Эстония цифрлық мемлекет құруда әлемдегі ең озық тәжірибелердің бірін қалыптастырған ел ретінде жиі аталады. Бұл елде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі толықтай онлайн режимде жүзеге асады.

Әлем тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық мемлекет құру – ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап ететін үдеріс. Қазақстан бұл бағытта алғашқы нәтижелерге қол жеткізгенімен, алда атқарылар міндеттер әлі де көп. Инфрақұрылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және қоғамның цифрлық мәдениетін қалыптастыру – осы жолдағы басты қадамдардың бірі.

Бір кездері мемлекеттің айбары ақ найзаның ұшымен, батырлардың күшімен қорғалса, бүгінгі дәуірде елдің қуаты ақпарат пен технологияның мүмкіндігімен өлшенеді. Сондықтан цифрлық мемлекет құру Қазақстан үшін жай ғана жаңашылдық емес, уақыт талабынан туындаған стратегиялық бағыт болып отыр.